RU
Толық нұсқаға өту

Солтүстік Аралдың аумағы 36%-ға ұлғайды

13.11.2026, 11:02 21

Қазақстанда Солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде теңіз аумағы 36%-ға ұлғайған. Қазір су көлемі 23,4 текше шақырымға жетті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еріс Исмаилов «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Солтүстік Аралға 1,8 млрд текше метр су жіберілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті кемінде 2 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр.

Теңізге келетін су көлемін арттыру үшін Түркістан және Қызылорда облыстарында ирригациялық жүйелерді жаңғырту, каналдарды автоматтандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазір бұл бағытта 150-ден астам жоба іске асырылып жатыр, - деді Еріс Исмаилов.

Су көлемінің артуы өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына да оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, экожүйені жақсарту мақсатында сексеуіл мен басқа да өсімдіктер егіліп, балық шаруашылығының биоалуантүрлілігі артып келеді. Бұл жергілікті тұрғындардың балық шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік береді.

Көкарал бөгетін жаңғырту жобасының екінші кезеңіне дайындық басталды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жұмыстарды 2027 жылы бастау, ал 2030 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Жоба толық жүзеге асса, Солтүстік Аралдағы су деңгейі мен көлемін арттыруға мүмкіндік туады, - деді Еріс Исмаилов.

Алдағы уақытта да Сырдария өзенінен теңізге келетін су көлемін көбейту, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz