RU
Толық нұсқаға өту

Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде қысқы туризмді дамыту басталды

26.11.2026, 09:31 36

Жоңғар Алатауының көз тартатын көрікті табиғатын енді қыста да тамашалауға болады.

Ұлттық парк қызметкерлері Сарқан ауданының Тополевка ауылында ашылған визит орталықты пайдаланып, туризмнің жаңа бағытын дамытуға дайындалып жатыр. Ерекше қорғалатын аймақта жол жөнделіп, инвестициялық жобалар жүзеге асады.   

Ұлттық паркке туристер бұрындары жаз мезгілінде ғана бара алатын. Енді олар күзгі көріністі тамашалап, қыста да тыныға алады.

Оксана Кальная, Сарқан ауданының тұрғыны:

- Бұл жақтың таулары өте әдемі. Ауасы таза. Маған өзен бойында серуендеген қатты ұнайды. Мұнда қар қалың түсіп, қыста да әдемі көрініс болады. Сол үшін тағы бір мәрте келемін. 

Тұмса табиғатты тамашалайтындар үшін ұлттық паркте 13 туристік бағыт пен 2 экологиялық соқпақ әзірленді. Жолдың ұзақтығына байланысты орманшылар үйі жалға беріледі. Саланы дамытуға ден қойған кәсіпкерлерге арнайы жер телімдері де қарастырылған.

Меруерт Жұмағазықызы, "Жоңғар Алатауы" МҰТП бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда бізде 6 жер пайдаланушы бар. Яғни 1 млрд 800 млн теңгеге дейін инвестиция тартылуда. Яғни жер пайдаланушылар глэмпинг, кэмпинг қонақүй құрылыстарын салуда экологиялық туризмді дамыту мақсатында өздерінің жобаларын жасап, жүзеге асыруда. 

«Жоңғар Алатауының» басты байлығы - Сиверс алма ағашы болса, жақұты – Жасылкөл. Биыл айдынды көлге қатынайтын жеті шақырым жол жөнделе бастады. Қолға алынған жұмыс келесі жылы аяқталып, Ағыны қатты өзеніне көпір салынады. Бұл барыс-келісті жеңілдетіп, туристерді көптеп тартуға  мүмкіндік береді. Осыған орай парк басшылығы шетелдік компаниялармен байланыс орнатып жатыр. 

Марат Қабиев, "Жоңғар Алатауы" МҰТП директоры:

- Қытай Республикасына барып туризмді дамытуға әсіресе қысқы туризмді дамытуға қалай жасау керектігін көріп, біраз нәрселерін үйреніп, соны өзімізде абаттандыруға жаңағы келешекте жұмыс істеуге біраз бағыт қойып отырмыз. Турфирмалар бар екен. Сол кісілермен меморандумға қол қойысып, бір-бірімізбен ақылдасып қоян-қолтық бірге жұмыс істейін деп жатырмыз.  

Биыл Жетісу облысындағы демалыс орындарына 2 млн 500 мыңнан аса адам келген. Туристер санын арттыру үшін келесі жылы 26 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 13 ауқымды шара өткізу жоспарланып отыр.

Авторы Шыңғыс Қалиден

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz