RU
Толық нұсқаға өту

Жаңа Салық кодексі қымбатшылыққа әкелуі мүмкін – бизнес өкілдері

27.06.2024, 19:41 67

Егер жаңа салық кодексі қабылданса, елде қымбатшылық болуы мүмкін. Құжатпен танысқан бизнес өкілдері осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды 24kz.

Ал, Қаржы министрлігі болса, жаңа нормалар  кәсіпкерлердің жүктемесін жеңілдететінін алға тартады.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Жаңа кодекстің жобасында салықты әкімшілендіруге көп көңіл бөлінген. Мәселен, жас кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету мен заңбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы өзгерістер бар. Сонымен қатар қолданыстағы арнайы салық режимдерін біріктіру жоспарлануда. Дегенмен, бизнес жеңілдетілген режим мен бөлшек салықтың қосылуын қолдамай отыр.

Тимур Жаркенов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

- Заңды тұлғалармен сауда жасайтын болсаң, қазіргі 3%-тің орнына 8% салық төлейсің. Негізі бұл салада шағын бизнес өкілдері қызмет етеді. Әрине, шетелден тауар таситын, өзімізде өнім өндіретін ірі кәсіпорындар бар. Бірақ сол өнімді тұтынушыға дейін жеткізуші осы шағын бизнес өкілдері. Олардың салығы көбейсе, әрине, тауарын қымбаттатады. Бұл инфляцияны күшейтеді.

Ал, Қаржы вице-министрі керісінше, миллиондаған кәсіпкердің жүктемесі азая түсетінін алға тартады. Себебі, жобада шағын бизнес өкілдеріне салынатын салық мөлшері 2%-ке дейін төмендеген. «Ал, жүктемесі өскендердің дені орта және ірі кәсіпорындар», - деді Ержан Біржанов.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Қазіргі таңда қосылған құн салығына тіркелу үшін, міндетті түрде тұру үшін 20 мың АЕК табыс алуы керек. Ол дегеніміз, 70 млн-нан асса, міндетті түрде қосылған құн салығына тіркелу керек болатын. Қазір жаңа режимді біз енгізіп жатырмыз ғой. Оның шеңберінде бұл шек 500 млн-ға дейін көтеріліп отыр. Ол дегеніміз, 7 есе ұлғайтып отырмыз.

Яғни, салық төлеушілерге арнайы режимді қолдану үшін бұрынғыдай табысын жасырып, құйтырқы әрекетке барудың қажет жоқ. Осылайша, жауаптылар, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қойып, салық түсімдерін ұлғайтпақ.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Өрден Жарқын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz