RU
Толық нұсқаға өту

БАӘ компаниясы Ақтауға $4,5 млрд инвестиция салады

27.02.2025, 21:24 526

Араб әмірліктерінің Sarte компаниялар тобы Ақтауға 4,5 млрд доллар инвестиция салады, деп хабарлайды 24kz.

Шетелдік мекеме бұл қаржыны қаланың «EcoCity» жобасын жүзеге асыруға жұмсайды. Маңғыстау өлкесінде жергілікті серіктес те табылып отыр. Қос тарап Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығында кездесіп, тиісті келісімге қол қойды.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Ақтауда салынатын «EcoCity» жылжымайтын мүлік жобасы қазақ-әмірлік әріптестігінің жаңа деңгейін көрсетеді. Екі ел арасында орнаған тығыз байланыс дубайлық бизнестің Қазақстан нарығына көптеп енуіне септігін тигізіп жатыр.

Оған дәлел Sarte Project Management Services компаниясы. Бірлестік құрылыс, жаңартылған энергия және мұнай мен газ саласында жұмыс істейді. Елімізде заманауи қала салу жобасына 4,5 млрд доллар бөлуге ниетті.

Хасан Рашид, Sarte Project Management Services компаниялар тобының басқарма төрағасы:

- Бұл қалада келешекте тек экологиялық таза көліктер жүретін болады. Өзіндік транспорт жүйесі құрылады. Оның көлемі 20 мың гектарға тең. Бір ерекшелігі, Ақтауда біз ұсынып отырған «EcoCity» жобасына қажеттінің бәрі бар. Теңіз жағалауы, су, кең атырап бәрі бір жерде тоғысқан. Мемлекет бұл қаланы туристік тұрғыда дамытуды көздейді. Біздің де мақсатымыз сол.

Бірлескен жоба аясында Каспий жағалауына экологиялық таза, смарт және көпбейінді қала бой көтереді. Оған жылжымайтын мүлік, коммерциялық нысан, саябақ, планетарий, спорт кешені, амфитеатр және 7 жұлдызды қонақүй кіреді. Аурухана, клиника және білім беру орындарының құрылысы да қарастырылған. Құжатқа «Каспий даму орталығы» мен Sarte компаниялар тобы қол қойды.

Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- Мемлекет басшысы «Жаңа Ақтау» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен еді. Бұл қала заманауи қала болады, электркар жүреді. 60 мың ағаш отырғызылады. Гольф клуб, үлкен аквапарк салады. Бұл мақсаттарды орындау үшін еуропалық консалтингтік компанияларды тартуға, жаңа технологияларды дамытуға, Ақтауды көркейтуге үлес қосқысы келіп отыр.

Жалпы Қазақстан мен Араб әмірліктерінің ынтымақтастығын тереңдетуге екі елдің іскерлік кеңесі игі ықпал етіп отыр. Осыдан 1 жыл бұрын құрылған бірлестікке біздің ел тарапынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Әлібек Алмабеков жетекшілік етеді. Оның айтуынша, «EcoCity» тұтас Маңғыстау өңірінің дамуына тың серпін береді. Қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджеттік түсім көбейеді. 4 мемлекетпен шектесетін Ақтаудың экономикалық әлеуеті артады.

Хасан Рашид, Sarte Project Management Services компаниялар тобының басқарма төрағасы:

- Қазақстан ауқымды нарық. Географиялық тұрғыда тартымды. Оның үстіне, сіздерде Каспий теңізіне шығатын тікелей қақпа бар. Мұнай мен газ да көп. Мемлекет біз секілді инвесторлардың нарыққа келуіне барынша жағдай жасап жатыр. Біз өз тарапымыздан заңнамалық түрғыда не нәрсеге мән беру керектігін ұсынатын боламыз.

Айта кетейік, Sarte компаниясының экологиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі мол. Инвестициялық әлеуеті зор. Орталық Азияда алғаш болып Қазақстанмен тиімді әріптестік орнатып отыр. Ал Ақтауда жаңа қала салу бастамасы көптен бері көтеріліп жүр.

Рауан Мыңбай, тілші:

- «EcoCity» – Ақтауға өзгеше өң беріп қана қоймай, оның бірқатар инфрақұрылымдық мәселесін реттейді. Себебі кешенді жоспарға 60 мың түп ағаш егіп, оны сумен қамту ісі де кіреді. Инвестордың айтуынша, Қазақстанның әйгілі батыс қақпасын түрлендіруге бас-аяғы 10 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Соның тең жартысына жуығын Sarte компаниялар тобы бөледі. Қалғаны басқа серіктестер тарапынан тартылады.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz