Оқушыларға болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндік беретін платформа жасақталды.
«Мансап компасы» деп аталатын порталда 400-ден астам кәсіп туралы ақпарат бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылайша жастарға бағыт-бағдар беруді көздеп отыр. Оның ішінде жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары дейді ведомство өкілі.
Халықты жұмыспен қамту мәселесін түбегейлі шешу үшін министрлік цифрлық технологияларға ден қойған. Мәселен, жақында «Жобалардың инновациялық навигаторы» іске қосылды. Платформа еңбек нарығындағы қажеттілікті талдап, болжамдар жасайды. Қазіргі уақытта жүйеде 168 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 906 инвестициялық жоба бойынша мониторинг жүргізілуде.
Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам санында бағаланып отыр. Оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге шамамен 900 мың және жұмысшы мамандықтары бар мамандарға 400 мыңнан астам. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында сұранысқа ие. Бұл салаларда жұмысшы мамандықтарға сұраныс 56%-ды құрайды.
Сонымен қатар жастарға бағыт беруге де көңіл бөлінген. Биыл қолға алынған «Мансап компасы» платформасы оқушыларға мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат береді.
Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Жыл ішінде кемінде 500 мың оқушы мен ТжКБ студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытумен қамтылатын болады. ТжКБ-ның үздік 1 мың түлегін елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарланған. «Мансап компасы» платформасының базасында 100 мың адамды қамти отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілетін болады.
Осы жылы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылмақ. Бұл жұмыстар 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды. Келешекте тағы бес орталық ашу жоспарланған.
Серік Селеубайұлы
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz