RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысының тұрғыны шетелге құрт экспорттайды

02.03.2025, 13:38 527

Жамбыл облысында 61 жастағы ауыл тұрғыны құрт өнімін шетелге экспорттап отыр. 

Шарипа Қамбарова өз үйінде отырып ақ кәдімгі құрттың 7 түрін жасайды. Тың идеясы үшін мемлекеттен грант та алған.

Шарипа Құлмағанбет Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш ауылында тұрады. Зейнеткер құрт кәсібіне 10 жыл бұрын ден қойған. Бастапқыда бірнеше ірі қараның сүтін сауған. Қазір сиыр басын 20-ға жеткізіп, ауылдастарының да сүтін сатып алады. Осылайша үйдегі шағын цехта  құрттың 7 түрін өндіруде. Сүзбеге құлпынай, бүлдірген, қарақат, жалбыз бен өрік сынды жеміс қосады. Сондықтан құрттың түсі сан түрлі, дәмі де ерекше. 

Шарипа Қамбарова, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- 7 түрлі жеміс жидектерді қосам. Олардың түрі әрқайсысы әртүрлі болады. Пішіндері де әртүрлі болады. Және де оны вакумный пакетке салып печенье тәрізді қылып та шығарамын. Және букет сияқты роза гүл сияқты букеттер жасап шығарамын. Құрт, мысалға, өзінше пайдалы ол адам ағзасына. Оған қосымша тағы жеміс жеміс қосылғаннан кейін одан сайын оның құрамына жақсы пайда келтіреді. 

Ақ жаулықты ана 2,5 жыл бұрын «іскер әйелдер қауымдастығымен» бірге Қытайға көрмеге барған. Сонда өніміне шетелдіктер қызығушылық танытып, сұраныс та артыпты. Содан бері шетелге 200 келіден аса тауарын өткізген. Тұтынушылардың қатарында өзге елде оқып жүрген қазақ балалары да бар. 

Шарипа Қамбарова, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Әсіресе мынау Түркия мемлекетінде біздің оқып жатқан ұл-қыздарымыз яғни студенттеріміз. Ауылының иісін аңсайды. Сол аңсап осы менің құртымды алдырып сол жерде жеп, ойпырмай апа мынау ауылдың иісін-ай деген сондай бір жақсы бір әсер сәлемдемелерін айтып жатады. Сонда қатты қуанамын. 

Ауыл тұрғынының жаңашылдығын жергілікті билік қолдап, 3 миллион 700 мың теңге қайтарымсыз грант ұсынды. Бұл қаражатқа май шайқап құрт құрғататын құрылғы мен тоңазытқыш алған. Енді кәсіпкер қазақстандық құрт брендін қалыптастырып, қыз-келіншектерді осы іске баулысам, - дейді.

Нұрислам Өмірболат, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бас маманы:

- Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 21 миллион теңгеге кәсіпкерлерді бірыңғай кешендік бағдарлама аясында мемлекеттік грант беру құралы арқылы қаржыландырылған болатын. Жалпы Жамбыл облысында 6 кәсіпкер грант иегері болды. Оның екеуі әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне енген кәсіпкер болатын болса, оның төртеуі “Бір ауыл бір өнім” бағдарламасы аясында қатысқан болатын.

Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Jambyl Business» өңірлік бағдарламасы әзірленген. Жоба аясында шағын және орта бизнеске  7 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі 7 проценттен аспайтын несие беріледі. Бүгінге дейін 1,1 миллиард теңгеге 22 жоба қаржыландырылды. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz