Қытай кәсіпкерлері Қызылорда облысында ірі 9 инвестициялық жоба жүзеге асырады, деп хабарлайды 24kz.
Көрші елдің инвесторлары ауыл шаруашылығы, металлургия, қайта өңдеу, мұнай-газ құрылыс сияқты бірқатар маңызды салаларға қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты келісім жасалды. Енді жуық арада ірі компания өкілдері Сыр өңірінің әлеуетімен танысып, зерделеуге кіріседі.
Қызылордадан келген делегация Қытайдың ішін аралап жүріп инвестор іздеді. Олар 4 аймақта болып жергілікті билік және бизнес өкілдерімен кездесті. Қос тараптың кәсіпкерлері бетпе-бет отырып, келіссөз жүргізді. Сыр өңірінің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, бірқатар нақты келісімге қол жетті. Қытайдың ірі компаниялары Қызылорда облысына жалпы құны 10,8 миллиард теңге инвестиция салуға келісті.
Лу Сяобо, Kale Group компаниясының басқарма төрағасы:
- Біздің компания металлургия және көміртегі өндірісімен айналысады. Инвестиция салуға дайынбыз. Жұмыс келісім бойынша жуырда басталады. Қызылордаға біздің компаниядан бір топ маман барады. Алдымен жергілікті жердің әлеуетін зерделеп, талдау жасап алуымыз керек. Егер бәрі кедергісіз өтсе, біз сияқты тағы бірнеше компания инвестиция салуға дайын отыр.
Қытайларда қаражат бар, техника мен кәсіби мамандар да жетеді. Олар әріптестік орнатып қаржы салуға дайын. Алайда инвесторлардың дені жергілікті жердегі қауіпсіздік пен билік тарапынан сенімді әрі тұрақты қолдау қажеттігін аңғартты.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Біз қолдауға дайынбыз. Тек металлургия саласы емес, өздеріңіз айтқандай АПК және басқа да салаларға инвестиция салыңыздар. Ел оны дұрыс қабылдайды. Біз қолдаймыз. Бірлесіп жұмыс жасаймыз. Оған қоса, салықтық, кедендік жеңілдіктер болады. Әрбір жаңа жобаларыңызды жеке өзім бақылайтын боламын.
Айта кету керек, облыста зауыттар салуға 362 гектар жер дайын. 6 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Инженерлік инфрақұрылым, жан-жақты логистикалық қолдау көрсетіледі. Мұндай ұсыныс инвесторларды қызықтырып отыр. Бұл жөнінде Сычуань, Шэньси, Нинься-Хуэй аймақтары мен Бейжің қаласының бизнес қауымдастығы ақпараттандырылды. Сонымен қатар пайдалы қазба ресурстары, энергетика, ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш, жүн және тері өңдеу, мұнай-газ салалары бойынша жеке-жеке ұсыныс берілді. 30-дан астам келіссөз жүргізіліп, 9 келісім нақты құжатпен бекітілді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Келіссөздер жүргіздік. Бұл жобалардың саны көбейетін болады. Мен қазір нақтыланған жобаларды айтып отырмын. Бұл келісімге келген және қаражаттары ертеңнен бастап төлене бастайтын. Осы жерден құрал-жабдықтарды сатып аламыз. Соған келісім-шарттарға қол қойылды.
Қытай компанияларының облыстағы жобаларды инвестициялауы алғаш рет емес. Табысты жұмыс істеп тұрған құрылыс, шыны зауыты бар. Ал мұнай-газ саласындағы компаниялардың 70%-ке жуығы Қытай мемлекетінен. Қазақстан қазір заманауи технология мен озық тәжірибені игеру саясатын ұстанып отыр. Ал ондай мүмкіндік іргемізде тұр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz