RU
Толық нұсқаға өту

Туризм Қазақстан экономикасының драйверіне айналуы тиіс

03.03.2025, 09:10 799

Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берген еді.

Былтыр бұл салада инвестиция көлемі 20 пайызға өсті. Яғни туризмнің негізгі капиталға тартылған қаржы сомасы 950 млрд теңгеге жуықтады. Қызмет көрсету нысандарының саны артады. Инфрақұрылым жақсарады. Бұл – елге сырттан келетін қонақтармен қатар, ішкі туристердің санын арттырады, әрине. 

Курорттық өңірлердегі қонақүйлер ₸129 млрд табыс тапты

Былтыр курорттық өңірлердегі қонақүйлер 130 млрд теңгеге жуық пайда тапты. Ең танымал бес жерге 3 млн 400 мың турист барды. Көшті Алматы тау кластері бастап тұр. Алатау бөктерінде 2 млнғ-ға жуық турист демалды. Маңғыстау өңіріне 300 мыңнан астам адам барды. Ал алдыңғы үштікті Бурабай 300 мыңға жуық қонақпен түйіндеді. Сондай-ақ күн қызса, саяхатшылардың сүйікті мекеніне айналатын Алакөл мен Балқаш үздік бестікке кіріп отыр.

Былтыр елге 15,З млн турист келді

Шетелден келетін қонақтар саны жыл санап артып келеді. Былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында 15 млн-нан астам шетелдік турист елде қонақ болды. Олар 1,2 трлн теңге елде қалдырды. Әсіресе Қытайдан келетін туристер саны күрт өсті. Яғни 78 пайызға ұлғайып, 655 мыңға жетті. Сондай-ақ екі ел арасында өткен автошерулер мен мототурлар екіжақты байланысты күшейтті. Қазақстан мен Қытайда автотуризмнің танымалдылығы артып келеді. Былтыр осы бағытты дамытуға арналған бірнеше халықаралық іс-шара өтті. Бұл автошерулер мен мототурлар Қазақстанның автотуристер үшін тартымды ел ретіндегі имиджін нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ инфрақұрылым мен ілеспе қызметтердің дамуын ынталандырады. Аталған бастамалардың нәтижесінде Қазақстан Халықаралық автотуризм картасында маңызды орынға ие болды. 

4,7 мың шақырым жол салынады

Комитет төрағасының айтуынша, бұл іс-шараларға 500-ден астам адам қатысты. Әрине, «Сырт көз сыншы» деген. Келген қонақ маңайына қарап, жақсы-жаманға баға береді. Кейінгі жылдары елде жол құрылысы қарқынмен қолға алынды. Былтыр 12 мың шақырым жол жөнделді. Ал биыл 13 мың шақырым жолда түрлі жұмыстар атқарылмақ.  Жалпы, 2030 жылға дейін елде 5 мың шақырымға жуық жол жаңадан салынады. Бұл жобаларға 9 трлн теңгеден астам қаржы құйылуға тиіс. Қазір инвестор тарту жұмыстары жүріп жатыр. Және бір айтып өтері, жол құрылысының арқасында биылдың өзінде мыңдаған адам жұмысқа тұрады. 

Ләззат Стамғазиева, ҚР көлік министрлігінің ресми өкілі:

- 2030 жылға дейін жаңадан 4,7 мың шақырым жолды саламыз. Оның бірқатары, 3,7 мыңы бірінші санатқа жатады. Яғни төрт жолақты болады. Ал қалған бір мыңы екінші санатқа жатып, екі жолақты жолдар болады деп көделіп отыр. Енді осы жұмыстардың аясында биылғы жылдың өзінде 31 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Осының барлығы жалпы, ел халқына қандай септігін тигізеді деген жұмыстарға тоқталсақ. 

Жол саласында ауқымды жобалар бар

Ауқымда жобалар қатарында Ақтөбе - Ұлғайсын, Қызылорда - Сексеуіл, Жаңаөзен - Кендірлі және Атырау - Доссор арасындағы жолдар құрылысы бар. Астанадан Ресей шекарасына баратын күрежол құрылысы басталмақ. Атырау мен Орал арасындағы жол орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Бейнеу - Сексеуіл, Алматы – Талғар – Бәйдібек би арасына жол төселеді. Жезқазғанды Қызылордамен және Қарағандымен жалғайтын жолдарда жұмыс қызады. Және Жайық үстінен көпір тартылмақ. Бұдан бөлек, бірнеше өңірде айналма жолдардың құрылысы қолға алынады. Яғни Қызылорда, Рудный, Петропавл, Шымкент және Сарыағаш айналма жолдары салынады. 

Ләззат Стамғазиева, ҚР көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Жалпы, енді биылдың өзінде Қалбатау-Майқапшағай, Қызылорда-Жезқазған сияқты жолдардың жұмысы жалғасып кете бермек. Мына батыстағы Подстепное-Федоровка деген жол бар, осы жолдардың көбісі басталады. Және де сонымен қатар бірнеше жаңа жобалар да басталады. Қарағанды-Жезқазған жолы биыл басталады. Және жоспарға сәйкес осы жол құрылысы маусымы, яғни күн райы жылыған сәттен бастап биылғы жылғы жобалардың тізіміне енді, жаңа жобалардың ішіне. 

Курорттық өңірлердегі әуе байланысы жақсарады

Тағы бір маңызды мәселе - елде әуе байланысын жақсартуға күш салынып отыр. Биыл үш әуежай салынады. Және бұлардың үшеуі де курорттық аймақтарда орналасады. Яғни Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарына ұшақпен барудың мүмкіндігі тумақ. Көлік министрлігінің ақпараты бойынша қазір құрылыс құжаттарын реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы елімізде жыл сайын әуе тасымалы 10-15-ға артып келеді. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz