RU
Толық нұсқаға өту

Кәсіпкерлер үшін несие алу жеңілдейді

04.03.2025, 19:23 692

Биыл елдің ЖІӨ 5,5% өсуі мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасаған еді. Межелі мақсатқа жету үшін мемлекет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды ұлғайтады.

Әсіресе, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, бизнес, ірі стратегиялық жобаларға басымдық беріледі. Бұған қоса, кәсіпкерліктің кез келген түрі үшін несие беру жеңілдейді. Себебі елде екі бірдей кепілдік қор құрылады. Биыл оның аясында 30 мыңнан астам жобаны қаржыландыру көзделген.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Елде 1 млн-нан аса кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Әсіресе, шағын және орта бизнестің аяқ алысы ширақ. Қазір ол жалпы ішкі өнімнің 26%-іне жетті. Ендігі меже 50%-ке дейін ұлғайту. Бұл ретте Үкімет қолдау шараларын кеңейтті. Енді несие кәсіпкерлер үшін қолжетімді бола түседі. Себебі елде екі бірдей кепілдік қоры құрылады. Аталған институт 30 мыңнан астам жобаға инвестиция құятыны айтылды. Дені шағын және орта бизнес саласында. Ірі кәсіп иелерін де демеу артады. Екінші деңгейлі банктер оларға жоба құнының 80%-іне дейін жеңілдетілген несие беруге міндетті.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ұлттық экономика министрі:

- Шағын және орта бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемі ұлғаятын болады. Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетіледі.Сонымен қатар біздің елімізде ірі бизнестің кредиттеріне кепілдік беру үшін жаңа қор құрылады. Ірі бизнеске арналған кепілдік беру қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешеді.

Кепілдік қор бизнестің өркендеуіне жол ашып қана қоймай, бюджетке түсетін жүктемені азайтуы тиіс. Осылай деген ведомство басшысы бизнес қана емес, маңызды әлеуметтік мәселелердің шешіміне тоқталды. Әсіресе, энергетикалық және коммуналдық желілерді жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бүгінде елдегі инфрақұлымының жартысынан көбі тозған. Ұлттық жоспар аясында алдағы 5 жылда салаға 13 трлн теңге қаржы бағытталады. Тағы бір мәселе. Ол вокзалдардың жай-күйі. Бұқара тарапынан нысандардың келбетіне қатысты шағым жиі айтылатыны жасырын емес. Үкімет басшысы елдің имиджіне нұқсан келтіретін мәселе тез арада шешімін табу керектігін тапсырды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Вокзал кешенін жаңғыртуға жеке тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта 5 вокзал реконструкциялау жұмыстарынан өткен. Осы жылы туристік бағыттарды қоса алғанда тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары басталады. Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы орган тарапынан қамтамасыз етілетін болады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Вокзалдар бойынша мен өзіңізге тапсырма берген болатынмын. Ол өте маңызды. Еліміздің имиджіне, беделіне әсер ететін мәселе, сондықтан оны биыл аяқтау қажет.

Елде су шаруашылығын дамыту бойынша да кешенді жоспар бар. Оның аясында биыл 4 су қоймасының құрылысы басталады. Бұл жобалар Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында іске асады. Алайда басы дардай, аяғы қылдай болған бастамалар аз емес. Премьер-министр көп іске тұсау болған бюрократиядан арылуға шақырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бюрократияның кесірінен немесе ведомствоаралық байланыстың жоқтығынан болашағы жоқ бастамалардың баялау қалғанын көріп жүрміз. Барлық мемлекеттік органдар бюрократияға жол жоқ қағидатымен жұмыс істеуі тиіс. Екінші бизнеске берілетін ұзақмерзімді несиелердің жетіспеушілігі. Үшінші мемлекеттік қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестік. Экономиканың нақты секторын қаржыландыруда басты рөлді екінші деңгейлі банктер атқаруы тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осы мәселені баса айтқан болатын.

Ал сарапшылар биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,5%-ке өсетінін болжаған еді. Осы орайда экономиканың нақты секторын қаржыландыру – межелі міндетке жетудің бір жолы. Мақсат айқын, енді тек жүйелі жұмыс керек. Үкімет басшысы қолға алынған бастамалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Асхат Қарағойшиев  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz