RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан қоқыс қалдығын қайта өңдеуді арттырады

26.03.2025, 19:12 851

Ел үкіметі қатты қалдықтарды сұрыптауды кеңейтіп, кәдеге жаратуға ден қоймақ.

Тиісті тұжырымдама қыркүйекке дейін әзірленуі тиіс. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрлігіне осындай міндет жүктеді. Ал Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша кәсіпорындарды қолдау шараларын әзірлеу тапсырылды. Сонымен қоқыс қай өңірде өңделеді?

Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елде жыл сайын 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Алайда оның тек 26%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Биыл осы көрсеткіш 32%-ға, 2027 жылға қарай қайта өңдеуді 36%-ға жеткізу міндеті тұр. Тағы бір өзекті мәселе елді мекен маңындағы қоқыс полигондары.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресусртар министрі:

- Бүгінгі таңда өңірлерде сол 100 жаңа полигон салу жоспарының аясында 7 полигон салынып, іске қосылды. 23 полигон құжаттамасы әзіроенді. 18 бойынша әзірленуде. Ал енді қалған 52 бойынша өңірлерге биыл қаражат құжаттамасын қарастырып, кірісу керек.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмыстың баяу жүріп жатқанын айтып, сынға алды. Оның сөзінше, әкімдіктер мен министрлік бірлесе жұмыс істеу керек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Әкімдіктердің жұмысын дұрыстап үйлестіру керек. Министрлік тарапынан. Министрліктің белсенді ұстанымы керек бұл бағытта.

Қатты қалдықтарды реттеу үшін ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жоспарланған. 67 жоба мақұлданды, оның 43-і қайта өңдеуге бағытталған. Мысалы, Ұлытау облысында 840 млн теңгеге жаңа қоқыс өңдеу цехы салынады. Жоба толық іске асқан жағдайда жылына 50 мың тонна қалдық өңделеді. Жоспар бойынша цех 2026 жылы ашылады.

Дастан Рысбеков, Ұлытау облысының әкімі:

- Жезқазған және Сәтпаев қалаларының арасында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу, сондай-ақ қағаз, пластик және резеңке техникалық бұйымдары қалдықтарын қайта өңдейтін цех орнаут бойынша жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Аталған жобаны іске асыратын жеке инвестор белгіленді. Жалпы ауданы 16 гектар жер телімін және су пайдалануға, электрмен жабдықтауға және техникалық шарттар берілді. 

Олжас Бектенов коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторинг жасау және бақылау жүйесін цифрландыруды тапсырды. Үкімет басшысы өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің де кенжелеп тұрғанына зер салды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет.

Экологиялық ахуалды жақсарту және қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін арттыру үшін Үкімет 1 қыркүйекке дейін қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар үш ай ішінде осы бағыттағы қаржыландырылатын жобалар санын бес есе ұлғайту қажет. "Бұл жобалар іске асқанға дейін оларды өңір әкімдіктері қолдауы тиіс", - деді Премьер-министр. 

Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz