RU
Толық нұсқаға өту

Торғайдың жаңа тасжолы аймақтың тынысын кеңейтпек

27.03.2025, 08:10 1521

Орталық-Батыс автожолының салынуы –жол құрылысы ғана емес, тұтас бір аймақтың тынысын ашатын тың серпін. Жоба жүзеге асса, Торғай арқылы өтетін жүк тасымалы қазіргі көрсеткішпен салыстырғанда 3-4 есеге артуы мүмкін. Бұл бағыт – Қостанай облысының оңтүстігіндегі шалғай ауылдар үшін үлкен мүмкіндік. Инфрақұрылым жақсарса, кәсіп жанданады, халық тұрақтайды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы жол бар жерде даму бар.

Астанамен Ырғызды байланыстыратын жаңа жолдың қашықтығы шамамен 790 шақырым болмақ. Соның жартысы Торғай өңірі арқылы өтеді.

Болат Сейдахметов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Орталық-Батыс жолы біздің Қостанай облысының үш ауданынан өтеді. Мынау Арқалық, Амангелді, Торғай. Жолдың бойындағы 25 елді мекенді қамтиды. Ал былай алғанда жақын орналасқан мекендер, жолдың бойындағы ауылдар 50-ден артық болады.

Амангелді ауданына қарасты Амантоғай ауылы да салынатын жолдың бойында тұр. Енді еліміздің батысымен көлік қатынасы орнатылса, бұл ауыл тоғыз жолдың торабындағы нағыз транзиттік елді мекенге айналмақ. 

Сиражиден Тайкелдин, Амантоғай ауылының тұрғыны:

- Батыстан шығып, Астанаға дейін жолдың тура ортасындамыз. Қостанай бір жағымыз. Бір жағымыз Ақтөбе, Орал, бір жағымыз Астана. Егіншілікпен айналысамыз, мал шаруашылығымен айналысамыз, сонда сол жолдың септігі көп тигелі тұр және жұмыс орындары көбейеді. Келімді-кетімді кісілер көбейеді.

Ақжолтай жаңалық жетісімен Арқалықтың кәсіпкерлері белсенділік таныта бастапты. «Қазірдің өзінде әкімдікте бірнеше бизнес жобалар қаралып жатыр», – дейді кәсіпкерлер бөлімінің басшысы. 

Олжас Өтегенов, Арқалық қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бір кәсіпкерге Арқалық қаласы әкімдігі тарапынан жер беріліп, жолдың бойынан кемпинг салынатын болды. Ол жерге қонақ үй салынады және асхана тамақ ішетін. Бұл бастама 15 жұмыс орнын құрайды. Сол сияқты тағы көптеген кәсіпкерден ұсыныс түсіп жатыр.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Орталық-Батыс жол құрылысын тездетіп, биыл бастауды міндеттеді. Қазіргі кезде облыстық санаттағы Арқалықтан Торғайға дейінгі 280 шақырым аралық енді республикалық маңызға ие болады. Қазір құжаттары дайындалып жатыр.  

Болат Сейдахметов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Мына жерден Торғайға шейін жеткенде, айтады ғой «тупиковый» деп. Енді мына жерден Ырғызға шейін 200 шақырымдай жаңа жол салынады. Мына жақтан Арқалықтан Ақмола облысына 240-тай шақырым жаңа жол салынады.

Ал Арқалық пен Торғай арасындағы жол қаншалықты кеңейтіліп, дұрысталатындығы арнайы зерттеу жұмыстарынан кейін анықталады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz