RU
Толық нұсқаға өту

Қар суын жинайтын қоймалар салынады

03.04.2025, 07:36 1044

Жердегі қар толық еріп біткен жоқ.

Сай-салада су мол. Үкімет алдында осы қар суын жинап алып, кәдеге жарату міндеті тұр. Президент тапсырмасына сәйкес елде су қоймаларының құрылысы қолға алынды. 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасы салынуға тиіс.

Қар суын жинайтын су қоймалары салынады

Елде бірнеше су қоймасының құрылысы қолға алынды. Нысандар тасқын суды рәсуә қылмай, орнымен ұқсатуды көздейді. Қазір Түркістан облысында Бәйдібек ата және Қарақуыс су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл 4 су қоймасының құрылысы басталады. Олар Жамбыл облысындағы Ақмола, Қалғұты, Қызылорда облысындағы Қараөзек және Батыс Қазақстан облысындағы Үлкенөзен су қоймалары. Бұдан бөлек Жетісу облысында Покатилов су қоймасын салынбақ. Бұған инвестор қаржысы тартылады. Ал Ақмола, Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында 12 су қоймасын тұрғызу жоспары бар.

Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Су қоймасы болса жоспарлап отырғанымыз, жартысынан көбі су тасқынына байланысты. Жаңағы қардың еріген суын жинап алатын, әрі қарай ауыл шаруашылығына пайдаланатындай болады. 14 мың шақырым каналдарды реконструкция жасау, тағы да 37 су қоймаларын қайта реконструкция жасау, сондай жұмыстар қарастырылған.

Су шығыны 25%-ға кемиді

Яғни Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша 42 су қоймасы жеті жылда тұрғызылады. Нысандардың жалпы көлемі – 2,6 текше шақырым. Бұдан бөлек 37 су қоймасы мен 14 450 шақырым канал жөнделеді. Осының арқасында тасымалдау кезіндегі су шығыны 25 пайызға азаяды.

су қоймаларының құрылысы

42 су қоймасы салынады

30 су қоймасы, 14 450 шақырым канал жөнделеді

Су шығыны 25%-ға азаяды   

Есіл өзенінің бойында Бұзылық су қоймасы тұрғызылады. Бұл су қоймасы өзеннің төменгі ағысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларын бақылау үшін маңызды. Жиналған су егін шаруашылығында пайдаланылады. Нысан құрылысы екі жылда, яғни 2028 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатырмыз. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Державинск пен Есіл қалаларының арасында, екі ортасында, Есіл өзенінің бойында Бұзылық су оймасын салайын деп жатырмыз. Бұл 800 млн-ннан 900 млн-ға дейін, көлемі сондай болады. Су тасқыны келген кезде сол, контррегулятор дейміз оны, сол тасыған суды жинап алатын болады.

Президент Ұлттық құрылтайда тапсырған міндетті бірі - халықты ауыз сумен қамту. (ГРАФИКА) Жыл соңына дейін су құбырын тарту бойынша 12 жоба аяқталады. Соның арқасында 153 ауылға су барады. Бұл жерлерде 423 мың адам тұрады. Және 52 елді мекенде орталықтандырылған су желісі іске қосылады.

АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ

Топтық су құбырын тарту – 12 жоба

153 ауыл – 423 мың адам

Орталықтандырылған су желісі – 52 елдімекен

Ауыз су мәселесі әсіресе батыста өткір тұр. Бүгінде Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты суы орнынан Атырау және Маңғыстау облыстарына құбыр тарту пысықталып жатыр. Сонымен қатар Қарағандыны сумен қамтамасыз етіп отырған Қаныш Сәтбаев каналы жаңғыртылады. Қазір каналдағы 19 сусорғы мен электр жабдықтарын ауыстыру басталды. 

Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Қазіргі таңда біз үлкен модернизациядан өткізейік деп жатырмыз. Өйткені, уақыты да, тозуы да болды. Оның проектный объем дейді, жобалық көлемі 2 млрд су ғой. 2 млрд. Қазіргі таңда 300-400 млн ғана тасымалдап жатыр. Оның бәрін модернизация жасауымыз керек. Бұл үлкен жоба.

Он облыста гидротехникалық мекеме ашылды

Елде су министрлігі құрылғаннан бері су саласын басқаруда реформа қолға алынды. Мәселен, 10 облыста коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды пайдалану бойынша мекемелер құрылды. Бұлардың балансында 809 нысан бар. Жаңа мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Қазіргі уақытта дәл осындай 16 мекеме бар. Бұл су саясатын тиімді жүргізуге жол ашады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz