Қазақстандық компаниялар Қытаймен құны 98 миллион доллар болатын экспорттық келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды 24kz.
Енді отандық тауар өндірушілер көрші елдің нарығына өнімдерін еркін саудалай алады. Бұған қазақ-қытай сауда-экономикалық миссиясы тікелей ықпал етті.
Қытайдың Сиань қаласында өткен іс-шараға бизнес делегацияны Сауда және интеграция министрі бастап барды.
Сиань Шэньси провинциясының орталығы. Бұл аймақта қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы орналасқан. Оңтүстік-шығыс Азия бағытындағы экспорттық жолда маңызды рөл атқарады. Сауда-саттық жасауға өте ыңғайлы өңір. Оның үстіне провинцияда 40 миллионға жуық халық тұрады. Бұл – үлкен нарық. Сапар барысында Арман Шаққалиев бірінші кезекте Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесіп, осы мүмкіндіктерді пайдалану жағын талқылады. Бұдан бөлек, білім, ғылым, инвестиция мен ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салаларға қатысты келіссөз жүргізді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Жаңа принциптер пайдаланып, тек қана сауда-саттық емес, инвестиция, өндіріс және сауда принциптерін енгізіп жатырмыз. Осы миссия аясында нақты келісім-шарттарға қол қоюға жағдай жасап жатырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан мен Шэньси провинциясы арасында 380 миллион доллардан астам тауар айналымы бар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 50 пайдан астам өсімді байқап жатырмыз.
Қазақстандық делегация отандық өнімдер саудаланатын павильонның жұмысын көрді. Жобаны қытайлық Aiju Grain корпорациясы жүргізіп отыр. Мұнда біздің елде шығарылған тауарлар таныстырылады. Тіпті тұтынушылар осы жерде пісіріп дәмін де көре алады.
Цзя Хэи, Сианьдағы «Ай цзюй» индустриалдық корпорациясының бас директоры:
- Бұл жердегі өнімдер Қазақстанда өндірілген. Бұл тауарлар Шэньси провинциясында жоғары сұранысқа ие. Павильонда тұтынушыларға таныстырылады. Былтыр 300 мың адам қабылдадық. Биыл оны 500 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Қазір біз экологиялық таза өнімдерді бүкіл ел нарығына шығарудың жолын қарастырып жатырмыз.
Министр сапар аясында тау-кен өндірісі, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін компания өкілдерімен жеке кездесу өткізді. Қытай тарапы табиғи газ, мұнай, түсті металл импорттауға ниет білдірді. Сондай-ақ минералды тыңайтқыш, мал азығы, оның ішінде жүгері мен жоңышқаны үлкен көлемде алуға қызығушылық танытты.
Жошыхан Қыраубаев, ҚР Сиань қаласындағы бас консулы:
- Бір ғана провинцияда 40 миллион халық тұрады. Соның бес жарым миллионы мұсылман. Дүнгені бар, қазағы бар, ұйғыры бар. Бұл біздің отандық халал ұйымдардың өніміне өте үлкен сұраныс бар. Керек сертификаттарды, рұқсатнамаларды алып беруге біз көмектесіп жатырмыз. Барлық жағынан көмектесуге дайынбыз.
Сапар аясында Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық миссиясы өтті. Іс- шара Бас консулдықтың аумағында алғаш рет ұйымдастырылды. Оған Қазақстаннан 60, ал Қытайдан 100-ден астам компания қатысты. Көрмеге ұн, майлы және дәнді дақылдар, кондитер және сұйық май сияқты өнімдер қойылды. Жалпы 490 миллион доллар сомада 16 түрлі өнім ұсынылды. Ең бастысы, кәсіпкерлер бетпе-бет отырып делдалсыз келіссөз жүргізді. Солардың бірі – шымкенттік омарташы Бауыржан Мелдешов.
Бауыржан Мелдешов, кәсіпкер:
- Қытай медицинасынан да келіп жатыр. Үлкен көлемде сұрап жатыр. Көреміз енді. Бүгіндікке төртінші компаниямен келіссөз жүргіздік. Бір-біріміздің контактілерімізді алып жатырмыз. Өздерінің қандай ыдыста алғысы келетіндерін, қандай балдың түрін көргісі келетіндерін бұлар өздері айтып жатыр. Біз де соған қарап отырып жұмыс істеймін деп жатырмыз.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық миссия қорытындысы бойынша QazTrade Шэньси провинциясы Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің Сауда-өнеркәсіп палатасымен және AIJU Grain компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақ-қытай арасындағы сауда айналымы 6,8%-ке артып, 43,8 миллиард долларға жетті.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #Қазақстан #Қытай #экспорт #келісім #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz