RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық делегация Баварияға барды

05.04.2025, 13:20 749

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Германияның экономикалық орталығының бірі Баварияға барды, деп хабарлайды 24KZ. Мюнхенде неміс үкіметі мен іскерлік орта өкілдерімен кездесулер өтті. Онда серіктестікті нығайту және жаңа ортақ жобалар құру мәселелері талқыланды. Баварияның энергетикалық қауіпсіздігінде біздің елдің орны бөлек. Мұнда импортталатын мұнайдың жартысы Қазақстаннан жеткізіледі. Келесі айда Шымкент-Мюнхен бағытында ашылатын тікелей рейс екі жақты серіктестікке қосымша серпін беруі керек.

Роман Скляр бастаған делеагация Бавария Премьер-министрінің орынбасары, халықаралық серіктестік және Еуропа істері жөніндегі министрімен кездесті. Тараптар арадағы серіктестікті жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан ары нығайту жағын талқылады. Қазақстанмен тауар айналымы бойынша Германияның федералды жерлері ішінде Бавария бірінші орында тұр. Былтыр арадағы алыс-беріс көлемі 4 миллиард 700 миллион еуродан асқан. Бұл Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымының шамамен жартысына тең.

Корнелиа Хорш, HORSCH компаниясының басқарушы директоры:

- «Қазақстан – әлеуеті зор ірі аграрлы мемлекет. Бұл біз үшін тартымды нарық. Бірге жұмыс істеп жатқанымызға 10 жылдан асып кетті. Біздің компания ауыл шаруашылығы техникасын өндіреді. Машиналарымызға қажетті болатты қазақстандық серіктестерімізден сатып аламыз. Петропавл қаласында техникамызды жасап шығарамыз. Биыл 17 егін егу машинасын жасауымыз керек.

Бұдан бөлек, мұнда «Қазақстан-Бавария бизнес диалогы» өтті. Оған өңірдің 70 жетекші компаниясы қатысты. Арасында Қазақстанда жұмыс істейтін бизнес өкілдері мен ірі инвесторлар бар. Қатысушылар тәжірибе алмасып, біздің елдің  несімен тартымды екенін айтты.

Томас Мекиска, Rhenus Logistics компаниясының жоба менеджері:

- Біз ірі логистикалық компаниямыз. Бүкіл әлемде өкілдіктеріміз бар. Қазақстанмен де жұмыс істейміз. Сіздердің елдеріңізде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Қытай мен Моңғолияға сауда жолдары сіздер арқылы өтеді. Сондықтан Қазақстан – инвестициялар үшін тартымды ел. Өзге фирмаларға осыны айтқым келеді.

Қазақстанда неміс капиталы бар 1100 фирма жұмыс істейді. Солардың 400-і – бавариялық компаниялар. «Елімізге шетелдік кәсіпкерлер тарапынан қызығушылықтың артуына байланысты алдағы уақытты бұл сан айтарлықтай өсуі мүмкін», – дейді сарапшылар. 

Авторы: Шолпан Найманбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz