RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда көгілдір отынды тұтыну көрсеткіші артып барады

07.04.2025, 07:44 599

Газ саласына инвестиция қажет. Кейінгі жылдары елде көгілдір отынды тұтыну көрсеткіші артқан, деп хабарлайды 24kz.

Осы сұранысты өтеу үшін өндірісті арттыру маңызды. Алайда, қарқын бәсең. «Инвестиция тартып, мәселені реттемесе, таяу жылдары көгілдір отыннан тарығуымыз мүмкін», - дейді мамандар.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Өткен жылу маусымында көгілдір отынды бір тәулікте тұтыну көрсеткіші 5%-ке өскен. Елде жылу электр орталықтарын газға бейімдеу ісі қарқынды жүріп жатыр. Оның үстіне аймақтарды газдандыру жалғаса береді. Дегенмен, отынды игеру және инфрақұрылымды дамыту жағы ақсап тұр. Оны тек инвестициямен реттеуге болады. «Әйтпесе, дефицит орнауы мүмкін», - дейді сала мамандары. Бұл үшін тариф саясатын көгілдір отынның нақты құнына, яғни, өндіріс шығындарына қарай белгілеу қажет. Онсыз инвесторларды ынталандыру қиын. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай мәселе көптеген елде газ құнын нарықта реттеу арқылы шешілген. Ал жеке инвесторлар саланың тұрақты түрде дамуына мүмкіндік жасады.

 

Энергетика саласы реформаланады

Энергетика саласын да жаңғырту күтіп тұр. Алдағы 15-20 жылға межеленген ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін 200 миллиард доллардан аса инвестиция қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарушы директоры Жақып Хайрушев мұның маңызы зор дейді. Сарапшы елде үш АЭС салынатынын жеткізді. Қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту және жаңасын салу күн тәртібіндегі мәселе. Жаңартылатын энергия көздерін де көбейту керек. Желілік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Маңғыстаудағы сутегі жобасын жүзеге асыру үшін 50-60 млрд доллар қажет. Алайда, инвесторларды тарту оңай емес. «Бұл үшін мемлекеттік стратегия түзген абзал», - дейді сарапшы. Дәл осы бағытта Қытай, Еуроодақ, Орталық Азия елдері және Ресеймен ұзақмерзімді экспорттық келісім жасау керек. Сарапшы аталған жаңашылдықтар бастапқы кезеңде тарифке әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Жақып Хайрушев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарушы директоры:

- Осындай ірі жобаларды жүзеге асыру барысында халық пен бизнеске арналған тариф өзгереді. Алайда, сауатты мемлекеттік стратегия инвесторлар мен тұтынушылардың сұранысын өтеп әрі қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік жасау керек. Бағаның өсуіне жаңа құрылыс шығындары, жүйені жаңғырту және экологиялық таза технологияларға өту шығындары әсер етеді. Біздің ойымызша, 2035 жылға дейін тариф 30-40% өсу керек. Бірақ инвестиция өтелсе, баға тұрақталады, тіпті АЭС, ЖЭК және сутегі арқылы алынатын энергияға қарай түсуі де мүмкін.

Былтыр алғаш рет 2,5 млрд доллар шетелдік инвестициялардың теріс таза ағыны байқалды. Ұлттық банк ұсынған төлем балансы туралы мәліметке сүйенсек, шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 17 млрд доллардан асты, бұл алдыңғы жылдан 6,8 млрд долларға төмен. Әсіресе, өңдеу және тау-кен өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестиция ағыны азайыпты. Бұған отандық тікелей инвестициялау кәсіпорындарының шетелдік тікелей инвесторлар алдындағы таза міндеттемелерінің азаюы себеп. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары қазақстандық кәсіпорындар өздерінің шетелдік инвесторларына кері инвестиция салды. Мұндай жағдай бұрын 2007, 2014-2016 және 2021 жылдары байқалғанын айтты. Бұдан бөлек, жергілікті компаниялар шетелдегі еншілес компаниялар алдындағы қарызын артығымен жапқан.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz