Саудада достық жоқ. АҚШ-тың баж салығын көтеруі әлемнің біраз экономикасын шайқалтты. Бірақ дәл қазір суға кетіп жатқан ешкім жоқ. Десек те мұндай әбігерге дайын болу керек. Шикізатқа бай біздің ел де қазір нарыққа бейімделген. Егіс алқаптарын бұдан әрі де әртараптандыра түсеміз. Яғни бидай сияқты монодақылды азайтып, оның орнына басқасын егеміз. Мәселен, биыл бидай алқабы 159 мың гектарға кеміді. Бұл жұмыстар сыртқы және ішкі нарықтың қажетіне қарай жүргізіледі. Бір есептен, кейінгі жылдары әлемде майлы және бұршақ дақылдарына сұраныс артқан. Енді осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Майлы дақылдар алқабы 365 мың га ұлғаяды
Былтыр Үкімет арнайы жол картасын бекітті. Құжат ауыл шаруашылығы өнімін екі есе көбейтеді. Биыл 24 млн-ға жуық гектарға дән себу жоспары бар. Бұл былтырмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Ал әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде 1 млн гектар жерге түрлі дақылдар егіледі. Яғни майлы дақылдар егістігі 365 мың гектарға, арпа алқабы 114 мың гектарға ұлғаяды. Сондай-ақ қарақұмық 41,5 мың гектарға, картоп 15 мың гектарға өседі. Үкімет бидай сияқты монодақыл егуді ақырындап азайтуды көздеп отыр. Мәселен, кейінгі екі жылда бидай егістігі 730 мың гектарға азайды.
«Қабылданған шаралар егістік құрылымын оңтайландыруға және ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының құбылуына байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта майлы дақылдар мен бұршақ дақылдары ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болып отыр және олардың бағасы тұрақты жоғары деңгейде. Бұл агробизнестің тиімділігін арттырады» — Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.
Майлы дақылдарға сұраныс жоғары
Иә, бидайға қарағанда майлы дақылдарға сұраныс жоғары және бағасы да қымбат. Мәселен, бидайдың бір тоннасы 65-70 мың теңге тұрады. Ал зығыр және рапс сияқты майлы дақылдардың тоннасы 200 мың теңгеге бағаланады. Тіпті одан да қымбат.
Сондай-ақ бұл дақылдардың топыраққа пайдасы көп. Мәселен, бұршақ топырақты азотпен байытады. Ал кейін оның орнына егілген егін мол өнім береді. Яғни бұл экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық жағынан да тиімді. Бұдан бөлек, өнім көлемін арттыру үшін сапалы тыңайтқыш қолдануға мән беріліп отыр. Былтыр елде отандық өндірушілерді қолдау механизмі енгізілген болатын.
«Былтыр алғаш рет отандық тыңайтқыш өндірушілерді аванстық субсидиялау енгізілді. Бұл тетік тыңайтқыштарды шаруаларға қолжетімді етіп, тыңайтқыштарды пайдалану көлемінің өсуіне серпін берді. Аталған жұмыстың нәтижесінде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген қажеттіліктің 40%-нен асты. Ал алдыңғы жылдары ол 21%-ке ғана жеткен еді» — Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.
Қайта өңдеу жобаларына ₸181 млрд инвестиция тартылды
Биыл 2 млн тоннаға жуық тыңайтқыш қолдану жоспарланып отыр. Сонымен қатар қазір мал азығы базасын сапалы дақылдардан қалыптастыру міндеті тұр. Осы мақсатта мал азықтық дақылдар алаңы 3 млн 400 мың гектарға артады. Ал майлы дақылдар 3 млн 300 мың гектарға дейін ұлғаяды. Осының арқасында өңдеу кәсіпорындарының шикізаты көбейеді. Бұл егістік алқаптары ішкі нарықтың сұранысын толық жабады.
Жалпы саланы әртараптандыру бағытында қайта өңдеу үлесін арттыру көзделген. Бұл жағдайда тамақ және қайта өңдеу өндірістерін құру қолға алынды. Былтыр тамақ өндірісіне салынған инвестиция 15%-ке артып, 181 млрд теңгеге жетті.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы институттарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жалпы құны 328,9 млрд теңге болатын 18 жобаны қаржыландыру жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, оның 8-і – дәнді дақылдарды, 4-еуі – майлы дақылдарды өңдеу жобалары. Сондай-ақ тауық жұмыртқасын толық өңдейтін, 6 етті және жемісті қайта өңдейтін жобалар бар. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі шеңберінде сүтті толық өңдеу бойынша 8 жобадан тұратын тізім жасалды» — Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.
Егіс науқанына 2,3 млн тонна тұқым қажет
Тұқым сапасы мемлекеттік стандарттарға сай болуға тиіс. Қазір дәннің сапасын сараптаушы ұйым бәсекелестік ортадан таңдалады. Яғни олар мемлекеттік сатып алу арқылы қызмет көрсетеді. Бұл диқандардың сапалы қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Биылғы егіс науқанына 2 млн 300 мың тонна тұқым қажет. Бүгінде қажетті тұқым бар.
Тегтер #майлы дақылдар #бұл нарық #егін алқаптары #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz