RU
Толық нұсқаға өту

«Ауыл аманаты»: Атырау облысында 89 жоба қаржыландырылады

08.04.2025, 14:20 773

Биыл Атырау облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына бойынша 89 жоба қаржыландырылады, деп хабарлайды 24KZ. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр кәсіпкерлер су тасқынына байланысты жобаның игілігін көре алмаған. Ал 2023 жылы несие алған 200-ге жуық шаруа қазір кәсібін дөңгелетіп отыр.

Махамбет ауылының тұрғыны Бекежан Мұқанов екі жыл бұрын 8 млн теңге  жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Қаржыға 10 түйе сатып алды. Қазір мал басы 14-ке жетіпті. Кәсіпкер ауылмен қоса аудан тұрғындарын да табиғи сүт өнімдерімен қамтып отыр.

Бекежан Мұқанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 2024 жылы үшеуі туды. Биыл енді біреуі туып. Жаңа бастап жатыр тууды. Малымыз осылай көбейіп жатыр, бұйырса. Қызығын көріп отырмыз. Халыққа шұбат сауып, таратып, сатып жатырмыз. Осылай шаруашылығымызды жүргізіп жатқан жайымыз бар. Шаруашылықты дамытамын деген ауыл азаматтарына бұл үлкен мүмкіншілік деп ойлаймын.

2023 жылы өңірде 192 жоба мақұлданды. Жалпы көлемі 1,5 млрд теңгеге несиелер үлестірілді. Кәсіп ашқандардың дені ата кәсіпті таңдады. 

Гүлден Асхатова, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ департамент директоры:

- Мал шаруашылығына 138 жобаға берілді. Өсімдік шаруашылығына 2 жобаға және шағын бизнеске 52 жобаға несие берілді. 2024 жылы 761 млн теңге жоспарланған. Алайда су тасқынына байланысты қаржыландырылған жоқ.

Облыс бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына 62 елді мекен тұрғындары қатысады. Ал биыл 1 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланған.

Тілекқабыл Ғұбайдуллин, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылға жоспарланған 1 млрд теңге қаражат қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігінің тарапында талқылауда жатыр. Осы ағымдағы жылдың мамы-маусым айларына таман бөлінеді деп жоспарланып отыр. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру, біріктіру мақсатында кооперациялар қызметін жандандырып жатырмыз өңірде. Өткен жылдарда төленген несиелердің қайтарым қаражаты есебінен коопрерацияларға несиелендіру жұмыстары жүргізіледі.

Қазірдің өзінде екі ірі кооперативтен өтінім қабылданып, оларды несиелендіру механизмі іске асып жатыр. Жалпы биыл 10 кооперативке қаржылай қолдау көрсетіліп, 89 жобаға несие беріледі. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz