RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда Иранға астық экспорты екі есе өсті

09.04.2025, 07:50 667

Қазақстан – астық экспорты бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі. Жылына 8-9 млн тонна астық сатылады. Тұрақты нарық тізімінде 24 ел бар. Бұған дейін Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайту туралы тапсырма берген еді. Тапсырма шеңберінде дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтау және экспортты әртараптандыруды міндеттеді. Қазір елде бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?

Иә, Үкімет дәстүрлі нарықтармен күшейтумен қатар басқа да бағыттарды ашуға күш салуда. Мәселен, былтырдан бастап Иран мен Әзербайжан бізден астық сатып ала бастады.

Иранға астық экспорты екі есе өсті

Былтыр елде 27 млн тоннаға жуық астық жиналды. Оның 8 млн тоннадан астамы экспортталды. Экспорттың елеулі бөлігі Өзбекстанға тиесілі. Өзбек ағайындар 3 млн 300 мың тонна астық сатып алды. Сондай-ақ Қытайға 1 млн 700 мың тонна, Тәжікстанға 1 млн 200 мың тонна астық жеткізілді. Иран және Әзербайжан елдерімен сауда жанданды. Былтыр Иранға 526 мың тонна жеткізілді. Әзербайжанға 211 мың тонна жөнелтілді. Ал іргедегі қырғыз еліне 140 мың тоннасы экспортталды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 

«Қазақстан 66 мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімін экспорттайды. Оның ішінде өңделген өнім үлесі 52%. Негізгі нарықтар тізімінде Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері, Иран, Түркия, Қытай және Еуроодақ елдері бар. Экспорттық тауарлар қатарында бидай, арпа, зығыр тұқымы, сиыр және қой еті, мұздатылған балық, бидай ұны, күнбағыс майы, газдалған су, мақта талшығы және тағы басқа да өнімдер үлесі басым» — Ербол Тасжүреков, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі.

 

Бидаймен қатар майлы дақылдар экспорты ұлғайды

Шетелде жаңа орылған бидайға сұраныс жоғары. Отандық диқандар былтыр орақ науқаны аяқталысымен қамбаға түскен астықты экспорттауға кіріскен-ді. Қыркүйек айынан наурыздың соңына дейін 6 млн 300 мың тонна бидай экспортталды. Яғни экспорт көлемі 53%-ке өсті. Оның ішінде Иранға экспорт 17 есе артып, 741 мың тоннаға жетті. Ал Әзербайжан 408 мың тонна астық сатып алды.

Айта кету керек, кейінгі бес жылда Әзербайжанға мұндай астық жеткізілмеген еді. Үкімет бидаймен қатар майлы және бұршақ дақылдары нарықтарын кеңейтуге күш салып отыр. Бұл бағытта тиісті келісімдер жасалды.

«Қазақстан егін шаруашылығы өнімдерін ілгерілету мақсатында Әзербайжан, Түркия, Иран, Қытай және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасады. Қытайға өнім экспорттаушылар реестрінде мақсары, бұршақ, жасымық және рапс жеткізетін 2400-ден астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Биыл Қытай нарығына қызылша целлюлозасы жөнелтіледі. Ал 2026 жылы күріш, мақта және бақша дақылдарын шығару жоспарланып отыр» — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

 

Фермерлер лизингке 4300 техника сатып алды

Қазір елде күнбағыс майы өндірісі қарқын алды. Соған сай майлы дақылдар алқабы ұлғайып отыр. Мәселен, биыл зығыр, рапс, күнбағыс алаңдары 365 мың гектарға артады. Сондықтан Үкімет диқандарды қолдау шараларын күшейтпек. Былтыр «ҚазАгроҚаржы» мекемесі ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беретін бағдарламаны іске қосқан еді.  Холдинг бағдарлама шартына өзгеріс енгізіп, төлем мерзімін шегерді. Яғни жаңа тәртіпке сәйкес шаруалар алғашқы төлемді биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін төлеуіне болады. Ұйым басшылығының сөзіне сүйенсек, бұл талап диқандардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

«Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары басталды. Және қазір шаруалар үшін басты міндет – егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу. Алғашқы төлемді кейінге қалдыру оларға қаржылық жағдайларын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Яғни алғашқы жарнаны орақ науқаны аяқталғаннан кейінгі табыс есебінен өтеулеріне болады» — Айдар Прашев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы.

Лизинг бағдарламасы 7 жылға есептелген. Былтыр бұл бағытта 120 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында 3 мыңға жуық шаруа 4300 техника сатып алды. Оның ішінде 2645 трактор, 649 комбайн бар. Техниканың 73%-і – отандық өндіріс өнімі. Ал биыл бағдарламаға 200 млрд теңге қарастырылып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz