RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда Next MBA бизнес-форумы басталды

11.04.2025, 22:27 594

Алматыда кезекті Next MBA бизнес-форумы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Қатысушылар екі күн бойы кәсіпті басқару бойынша кәсіби мамандардан дәріс алады. Яғни, бизнес, технология  мен маркетинг саласындағы жетекші сарапшылар тәжірибелерін бөліседі. Бұл ауқымды шара сегіз мыңнан астам кәсіпкер мен топ-менеджердің басын қосты.

Next MBA форумына әртүрлі сала өкілдері жиналды. Барлығы да бизнесті жүргізудегі озық тәжірибе мен жаңа тәсілдерді білгісі келеді. Ал, осы салада жетістікке жеткендері білімімен бөлісуге дайын. Осының бәрі жетекші сарапшылардың баяндамасында шеберлік сабақтары мен панельдік отырыстарда айтылады. Қатысушылар жаһандық трендті, цифрлық технология мен тиімді басқару стратегиясын талқылап жатыр. Мұндай сипаттағы басқосу негізгі бизнес қағидаттарын жылдам меңгеруге және оларды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Әсел Абат, Next MBA бас продюсері:

- Екі күн бойы Google, LEGO, MTV және Snapchat сияқты әлемдік  компаниялардың үздік сарапшылары дәріс оқиды. Сондай-ақ ТМД-дан келген Ирина Хакамада, Оскар Хартман сияқты танымал сарапшыларды атап өткім келеді. Бұл өзінің жеке кәсібі бар азаматтарға білімін арттыру үшін үлкен мүмкіндік. Таптырмас орта. Ауқымды шара. 

Қозғайтын тақырып сан алуан. Маркетингтегі жасанды интеллектен бастап сату психологиясына дейін. Қатысушылар пайдалы ақпарат алып қана қоймайды, сонымен қатар бизнесті дамытуға арналған нақты құралдармен танысады.

Ларс Зильбербауэр, маркетинг сарапшысы (Дания):

- Мен әлемде болып жатқан өзгерістер мен маркетинг көшбасшысының оған қалай қарсы тұру керектігі туралы айттым. Мұндай жағдайға біз қашан да дайын болуымыз қажет. Біз шағын бизнестің өзі маркетинг арқылы өзінен ауқымды ірі бизнеске қарсы тұратын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ең бастысы, тәуекелге барудан қорықпау керек.

Форумға қатысушылар екі күн бойы осындай білікті мамандармен тәжірибе алмасады. Бұл алдағы уақытта іскерлік байланыс жасап, ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz