Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Балтабай ауылының тұрғыны «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алып, киіз үй жасау ісін қолға алды.
Ауылда бұл кәсіппен он шақты адам айналысады.
Талғат Қанапия Еңбекшіқазақ ауданына 2012 жылы Қытай Халық Республикасынан көшіп келген. 6 жыл бұрын ауыл ақсақалы Өмірбек Сламжаннан кәсіп үйреніп, киіз үй жасай бастады. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алды. Қазір 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер бір айда 60 шақты қазақ үй жасайды.
Талғат Қанапия, кәсіпкер:
- Сұраныс негізінен 50-60 пайызы өзіміздің Алматы облысына кетеді. 30-40 пайызы саяхат орындарына кетеді. Екінші, шаруашылықтарға, шаруашылықтармен айналысатындарға кетеді. Үшінші сол өзіміздің ауыл тұрғындары соларға кетеді.
Балтабай ауылыдағы киіз үй жасайтын шеберлердің ұстазы Өмірбек Сламжан. Ол бүгінге дейін 10 шақты ауыл тұрғынын осы кәсіп түріне баулыған. Ұлттық өнердің қыр-сырын тегін үйретеді. Сондықтан сырттан келетіндер де аз емес. Өмірбек Сламжанның киіз үй өндіретін шеберханасында 25 адам жұмыс істейді.
Өмірбек Сламжан, кәсіпкер:
- Алғаш енді сол жоқтан бар жасадық. Материал да жоқ, Қырғызстаннан тасып, қазір Қазақстанда көбейді ғой материал шикізаты. Өзіміздің отандық өнім 70 процент. 30 процент Қытайдың өнімі ғой. Осы жерде жылына 10 шәкірт үйреніп кетіп жатыр ғой енді. Қайдан келсе де тегін үйретеміз.
Нұрболат Серғалиұлы, Еңбекшіқазақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінен осы 2023 жылдан басталды ғой. Оның өзінде бізде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 277 жоба 2 млрд 25 миллионға қаржыландырылған болатын. Жаңа айтып өткендей, 277 жобаның өзінде ауданда 450 жұмыс орны құрылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге аса бастағалы бері өңірдегі 1300-ден астам тұрғын жеңілдетілген несие алды. Биыл бұл мақсатқа тағы 2,5 млрд теңге бөлінеді. Шалғай ауыл тұрғындары тігін цехтарын ашумен қатар құс шаруашылығымен айналысып, ұлттық сусынымыз қымыз, шұбат өндірісін қолға алып жатыр. Соның арқасында облыста 20 шақты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #киіз үй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz