Қызылорда облысының Нағи Ілиясов ауылында өндірілген жантақ балы жапониялықтардың қызығушылығын тудырды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының Орталық Азия бойынша сарапшылары бұл табиғи өнімді экспорттауға қолдау көрсетпек. Шетелдік мамандардың көңілі неге дәл осы бал түріне түсіп отыр? Әріптесім Нұрлан Жақыпбеков осы сауалға жауап іздеді.
Эльмира Төретаева бал шаруашылығына 6 жыл бұрын ден қоя бастаған. Енді оның жантақ балы шетелде де танымал болады. Себебі жапониялық сарапшылар табиғи өнімге жоғары бағасын берген, дейді кәсіп иесі.
Эльмира Төретаева, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны:
- 85 пайыз дегеніміз өте таза өнім деген. Ол кісі таңқалды, кәдімгідей жан-жақтың бәріне сараптама жасаған кезде 65 пайыздан көтерілмейтін дейді. Сіздердікі 85 пайыздан жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр. Құрамында су да жоқ, қант та жоқ деп өздері арнайы аппараттарымен келіп тексерді.
«Бір ауыл – бір өнім» байқауының жеңімпазына мемлекеттен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант берілді. Эльмира бұл қаржыға бал тартатын бірнеше заманауи құрылғы сатып алды. Енді шағын цех ашып, өндіріс аясын кеңейтуді көздеп отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бұл бал шөл және шөлейтті жерлерде өсетін жантақ гүлінен жиналады. Оның құрамында табиғи антибиотик өте көп болғандықтан, дансаулыққа пайдалы. Қазіргі уақытта бұл өнімге шетелден сұраныс арта түскен.
Биыл Сыр елінің жантақ балы жантақ шайы Жапониядағы табиғи таза тамақ өнімдерінің халықаралық көрмесіне қойылды.
Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Ірі мемлекеттер қатысты. Оған 40-қа жуық мемлекет қатысқан болатын. Оның ішінде АҚШ, Жапония, Англия, Корея, Қытай бар. Сол мемлекеттер қатысып, сол жерде сауда агенттері де қатысып, біздің жантақ балын және жантақ шайын қатты ұнатып отыр. Қазіргі таңда осы екі өнім әлемдік деңгейдегі стандартқа сәйкес сараптамадан өтіп жатыр. Сұранысы бар елдерге экспортталатын болады.
1961 жылы Жапонияда басталған «Бір ауыл-бір өнім» жобасы жергілікті шикізаттан дайындалған өнімді әлемдік брендке айналдыруды мақсат етеді. Оның химиялық қоспасыз, табиғи таза болуы маңызды. Жобаның қазақстандық үлгісі – ауылдағы өндірісті дамытып, әлеуетін көтеруге жол ашады, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев
Тегтер #Қызылорда #бал #Жапония #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz