Энергетика және коммуналдық саланың тозығы жетіп тұр. Соның салдарынан кейінгі жылдары бірнеше жылу қазандықтарында апат болып, қыстың көзі қырауда жұрт жылусыз қалған еді. Бұған Екібастұз бен Риддердегі апаттар дәлел. Осыдан кейін елде ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Үкімет алдына 2030 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 40%-ке дейін төмендету міндеті қойылды. Жүргізілген жұмыстардың арқасында кейінгі екі жылда тозу көрсеткіш 61%-тен 52%-ке төмендеді. Бұл жұмыстар қалай жалғасады?
Иә, елде бірнеше бағдарлама қолға алынды. Мәселен, Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту бағдарламасы аясында тозу деңгейін ондаған пайызға төмендету жоспарланған.
Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға ₸13 трлн қажет
Елдегі коммуналдық желілердің жартысы ескірген. Нақты айтсақ, жылу желісі – 53%-ке, сумен жабдықтау 40%-ке және су бұру желісі 56%-ке тозып тұр. Ал электр желісінің тозуы 70%-тен асып кетті.
Саланы жаңғырту мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Аталған жоба шеңберінде 10 мың шақырымнан астам желі жаңартылады. Жобаға 13 трлн теңге инвестиция тартылуға тиіс. Қажетті қаражат екінші деңгейлі банктерден, ұлттық қаржылық даму институттарынан және халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылады.
«Жабдықтардың айтарлықтай тозуы, ескірген технологиялар үзілістерге, азаматтардың өмір сүру сапасының төмендеуіне және елеулі экологиялық және экономикалық шығындарға алып келеді. Проблемаларды шешу үшін ұлттық жоба шеңберінде шамамен 13 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде техникалық оператор ретінде Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы бекітілді» — Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы.
Ұлттық жоба 2029 жылға дейін жүзеге асады. Жоба аясында жылу жабдықтарының тозуын 40%-ке, электр жабдықтарының тозуын 45%-ке дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар сумен жабдықтаудағы тозу көрсеткіші 34%-ке, ал су бұру ескіруі 40%-ке түседі деген жоспар бар.
Ұлттық жобада отандық өнеркәсіпті қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан бөлек 27 жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Сондай-ақ коммуналдық саланы автоматтандыру көзделген. Бұл жұмыс алдымен 20 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүзеге асады.
«Бірінші кезеңде сумен жабдықтау және су бұру секторы бойынша жұмыстар басталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үлгілік техникалық тапсырма әзірлеп, әкімдіктерге тиісті тапсырмалар берді. Жалпы өндірістік процестерді автоматтандыру су арналарын, сондай-ақ сумен жабдықтау мен су бұру жүйесін салуға және жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттің болашақ шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Яғни су шығыны 15-40%-ке, желілердегі апат – 30-50%-ке, электр энергиясы шығыны 15-20%-ке төмендейді», — Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы.
Жылу жүйесін жаңғыртуға ₸327 млрд тартылды
Қазір елде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама шеңберінде жылу-энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі екі жыл көлемінде бірнеше есе өсті. Мәселен, 2022 жылы саланы қаржыландыру көлемі 90 млрд теңге болса, 2023 жылы 227 млрд теңгеге жетті. Ал былтыр салаға 327 млрд теңге тартылды. Соның арқасында жылу жабдықтарының тозу деңгейі 61%-тен 52%-ке төмендеді. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, жабдықтарды жөндеу жұмыстарының құны жаңасынан да асып кетуі мүмкін. «Сондықтан кейбір тұста жаңадан да орнатқан дұрыс», – дейді олар.
Жамал Доржығұлова, «Serpin» басқарушы, сервистік компаниялар және басқарудың басқа нысандары қауымдастығының президенті:
- Ескі неге ақша қайта-қайта салғаннан кейін ол ескінің бағалары, жабдықтардың бағалары қазір мына жаңа жабдықтың бағасына қарағанда 10 есе, 20 есе көбейеді. Өйткені жаңа жабдықты алғанда ол үш, төрт, бес жылға дейін ең кемі. Былай қарап тұрғанда олардың эксплуатациялық мерзімі тіпті 20, 30, 50 жылға барады.
Сондай-ақ жаңғырту жұмыстарына қаржы тарту мақсатында коммуналдық қызметтер тарифін көтеру көзделген. Бірақ тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдік жасалады. Бұл мақсатта жергілікті әкімдіктер тарапынан шығындардың бір бөлігі өтеледі.
Тегтер #энергетика #коммуналдық сектор #жылу жүйесі #24KZ #бұл нарық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz