RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да мал шаруашылығын дамытуға ₸10 млрд бөлінді

15.04.2025, 20:03 989

Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға 10 миллиардтан астам теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ. Енді тауарлы-сүт фермасын салуға ниетті кәсіпкерлер үшін төмен пайызды несиелер қолжетімді болады. Осылайша қайта өңдеу саласын өркендетуге бар жағдай жасалады.

Қызылжар ауданында тауарлы-сүт фермасында 650 бас асылтұқымды сиыр бар. Олардың күтімі толық автоматтандырылған. Жем-су беру, сауу жүйесі белгіленген бағдрлама арқылы жүзеге асады. 

Шетелден әкелінген асылтұқымды малдың өнімділігі өте жоғары. Мысалы, мына фермадағы кейбір сиырлар тәулігіне 45-50 литрге дейін сүт береді.

Заманауи кешеннің құрылысына 3 млрдтан астам теңге жұмсалды. Оның бір бөлігі кәсіпкерге 2,5% несиемен берілді. Фермада тәулігіне 20 тонна сүт сауылып, бірден өңдеуші зауыттарға жөнелтіледі.

Данияр Жүсіпов, зоотехник:

- Симментал тұқымының ерекшелігі жергілікті климатқа тез бейімделуінде. Суыққа, ыстыққа төзімді. Ал гольштин тұқымына ерекше күтім керек. Бірақ сүтті келеді.

Облыс бойынша осындай 42 заманауи тауарлы-сүт фермасы бар. Бұл өңдеуші кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп, сүт өндірісіне тың серпін берді.

Дәурен Тоққожынов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мемлекеттің қолдауы арқасында сүтті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Былтыр өңірде 17 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Бұл сүт өндірісін 65 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы-сүт фермасы Солтүстік Қазақстанда орналасады. Қазір оның құрылысы жүріп жатыр. 8 мың сиыр бағылатын кешен жасанды интеллект арқылы басқарылады. Жоба 9 млрд теңгеге бағаланған. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz