Аяқ киім өнімдерін таңбалау міндеті кедендік салық үлесін 3 есе арттырды.
Бірыңғай жүйеге тіркелген кәсіпкерлер қатары да көбейе түскен. Ең бастысы халық сапалы тауар тұтынып жатқанын біледі. Бүгінге дейін елде 140 млн жұп аяқ киім таңбаланған. Елдегі таңбалау жүйесіне 55 мыңнан аса кәсіпкер тіркелген. Оның 4,5 мыңы аяқ киім нарығында пайда табады. Мамандар міндетті таңбалау енгізілгелі салықтық ашықтыққа қол жеткенін айтады. 2021 жылдан бері сырттан келетін аяқ киімнен 25 млрд теңге түскен. Бұл үш есе көп көрсеткіш. Tanba бірыңғай операторының жоба жетекшісі Ерлан Қарабаевтың айтуынша, осы кезеңде 140 млн жұп аяқ киім таңбаланды. Бастысы көлеңкелі нарық үлесі азайып келеді.
Ерлан Қарабаев, Тanba бірыңғай операторының жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жобасының жетекшісі:
- 2021 жылы Қазақстанға 37 млн жұп аяқ киім кірген. 2023 жылы - 55 млн жұп аяқ киім. Таңбалаудың нәтижесі 14-15 млн қосымша аяқ киім көрсетіліп жатыр. Соған байланысты бүгінде бюджетке түсетін салықтар көбейіп жатыр. Таңбалау жобасы өзінің эффектін көрсетті.
Аяқ киімді таңбалаудан түскен салық:
2021 – ₸7,8 млрд.
2024 – ₸24,8 млрд.
Нарықтағы аяқ киімнің көбі сырттан келеді
Нарықтағы аяқ киімнің 4 пайызы ғана отандық. Ал импорттың 70 пайызын Қытай тауарлары қамтиды. Түркия, Еуропа, Ресейден келген аяқ киімдер де дүкен-базарда самсап тұр. Оның бәрі таңбаланған деуге келмейді. Мамандар таңбалау үдерісі мемлекеттік органдардың бақылауында болғанымен таңбасыз аяқ киімдерді қадағалау қарастырылмағанын айтады. Көлеңкелі экономиканы төмендету үшін бұл талапты күшейту маңызды. Үкіметке тиісті ұсыныс жасалған. Өйткені таңбалау тұтынушыларды контрафактілік өнімдерден қорғап, адал бәсекелестіктің дамуына ықпал етуі керек дейді мамандар.
Ерлан Қарабаев, Тanba бірыңғай операторының жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жобасының жетекшісі:
- Таңбалаудың бағасы көп тұрмайды. Бірыңғай оператордың тарифі 3 теңге. Анализ жүргізіп отырмыз, таңбалауға кететін шығын 15-20 теңге болып тұр. Кедендік салықта 12 пайыз НДС қосылады. Аяқ киімнің өзінен де бюджетке түсетін салығы бар. Басты салмақ салық төлегенге байланысты көбейеді. Таңбалау шығындары көп әсерін бермейді, ол бір пайызға да жетпейді.
Аяқ киім өндірушілері шикізатқа мұқтаж
Қазір ел ішінде аяқ киім тігетін 50 шақты ірілі-ұсақты кәсіпорын бар. Мамандар отандық өнім сапасымен ерекшеленетінін айтады. Алайда өндіріске қажет тері ғана - өзіміздікі. Сапалы табан, өзге де шикізат түгел импортталады. Бұл да өзіндік құнға әсер ететіні анық. Одан бөлек, сауда орнын жалдау ақысын да есепке алу керек. Әрине базардан сапасы төмен, арзан өнім табуға болады. Дегенмен тұтынушылардың талғамы өзгерген. Көпшілік ұзаққа жарайтын аяқ киімдерге көңіл бөле бастады.
Таңбалауға жататын өнім қатары артады
Әзірге елде аяқ киім, темекі бұйымдары мен дәрілік заттарды таңбалау міндеті бар. Сөз басында бірыңғай жүйеге 55 мыңнан аса қатысушы тіркелгенін айттық. Жаңа жылдан бастап, олардың қатары толыға түседі. Сауда және интеграция министрлігі мотор майлары, сыра өнімдері мен зергерлік бұйымдарға міндетті таңбалауды енгізбек. Нарық қатысушылары таңбаланбаған өнімге толық тыйым салуды ұсынады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырудың маңызды қадамы дейді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #нарық #таңбалау #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz