RU
Толық нұсқаға өту

461 мемлекеттік кәсіпорын жекеменшікке өтеді

18.04.2025, 07:40 664

Президент Ұлттық құрылтайда бәсекеге қабілетті салаларды жекеменшікке беру туралы тапсырма берді.

Елдегі жүздеген кәсіпорын таяу жылдары жекенің қолына өтуге тиіс. Қазіргі уақытта жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе ұйымдардың тізімін жасады. Бұлардың қатарында отын-энергетика, агроөнеркәсіп, білім беру және спорт нысандары бар. Бұл жұмыс қашанға дейін және қалай жүзеге асады?

461 нысан жекеменшікке беріледі

461 мемлекеттік кәсіпорын жекеменшікке өтеді. Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізімін жасады. Бұлардың басым бөлігі отын-энергетикалық кешеніне тиесілі. Яғни тізімде 200 энергетикалық кәсіпорын бар. Сондай-ақ тізімге 147 агроөнеркәсіп нысаны, 20 өнеркәсіп және индустрия субъектісі енген. Бұдан бөлек, бұл қатарға 76 әлеуметтік сала, 14 бұқаралық ақпарат құралдары, көлік және байланыс мекемесі, 4 қаржы ұйымы еніп отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың айтуынша бұл жұмыс бірнеше жылдың ішінде жүзеге асады.

Жекешелендіруге ұсынылған субъектілер

Барлығы – 461

Отын-энергетика – 200

Агроөнеркәсіп – 147

Өнеркәсіп және индустрия – 20

Әлеуметтік сала – 76

БАҚ, көлік және байланыс – 14

Қаржы нарығы – 4

Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Жүргізілген талдаулар мен экономикалық тиімділікті есептеу негізінде 461 субъектіні бәсекелестік ортаға беру ұсынылды. Кәсіпорындардың пулы Реформалар жөніндегі жоғары кеңеске жіберіледі. Содан кейін жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізіледі. Бұл жұмыстар 2028 жылдың соңына дейін аяқталады. 

7 футбол клубы жекешелендіріледі

Тізімге Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты 8 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы енгізілген. Олар сенімгерлік басқаруға беріледі. Бірақ заңды тұлға бұл ұйымдарды сатып ала алмайды. Түркістан облысындағы «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені мен басқа да бірқатар кәсіпорындар жекеменшікке беріледі. Сондай-ақ, Ұлттық кеңсе 7 футбол клубын жекешелендіруді ұсынып отыр. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге аспақ. Президент Ұлттық құрылтайда кейбір ұйымдарды бюджеттен қаржыландыруды доғару туралы айтқан еді. Яғни олар қазынаға салмақ салмай, өз күндерін өздері көруге тиіс.

Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен мемлекеттің экономикаға қатысуының негізгі тәсілдерін айқындады. Мемлекет жеке нарығы жоқ немесе өз функцияларын орындай алмайтын салаларға ғана қолдау көрсетуге тиіс. Сондай-ақ мемлекеттің нарық субъектілеріне уақытша қатысу принципі бекітілген. Яғни мемлекет жеке қатысушылар пайда болғаннан кейін сектордан шығуы керек.

Тері мен жүн экспортына баж салығы салынбайды

Енді тері мен жүн экспортына баж салығы салынбайды. Бұған дейін мал терісінің бір тоннасына 200 еуро, жүннің тоннасына кемінде 50 еуро баж салығы салынып келген еді.

Баж салығы

(1 тонна)

Тері – €200

Жүн – €50

Жаңа ереже үш жыл мерзімге енгізіліп отыр. Кейін қайта қаралуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, кәсіпорындарды қолдау мақсатында өңдеуге өткізілген шикізатқа субсидия беру шаралары қарастырылып жатыр. Бірақ тері мен жүнге ел ішінде сұраныс төмен. Шикізаттың басым бөлігі кәдеге жарамайды. Ал баж салығының жойылуы экспортты жандандыруға тиіс.

Тері мен жүнге салынатын экспорттық баж салығын алып тастау ірі қара және ұсақ мал өсіретін фермерлердің қалдықтарды жоюға жұмсалатын шығындарын азайтуға, өндірістік тізбекті дамытуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын өндіретін және экспорттайтын отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Еуроодаққа бидай экспорты ұлғайды  

Астық экспорты нарығы кеңейіп келеді. Мәселен осы айдың ортасына дейін Еуродақ елдеріне жөнелтілген бидай көлемі 11 пайызға жуық өсті. Осылайша Қазақстан Еуропаны бидаймен қамтамасыз етіп отырған елдердің алдыңғы үштігіне енді. Мұнда Канада көш бастап тұр. Үйеңкі жапырақты ел 1 млн тоннаға жуық бидай экспорттаған. Бұдан кейін 17 пайыздық үлеспен Түркия жайғасты. Сондай-ақ бестікке АҚШ пен Украина еніп отыр.

Еуродаққа бидай экспорты

Канада – 62,1% (952 196 тн)

Түркия – 17,2% (264 114 тн)

ҚАЗАҚСТАН – 10,9% (167 347 тн)

АҚШ – 7,1% (108 991 тн)

Украина – 1,3% (19 188 тн)

Жалпы Қазақстан былтырғы қыркүйек айынан бері 6,3 млн тонна бидай экспорттады. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай, Ауғанстан мен Еуропа елдеріне экспорт көлемі 53 пайызға өсті. Оның ішінде Иранға экспорт 17 есе артып, 741 мың тоннаға жетті. Әзербайжан 408 мың тонна астық сатып алды. Ал былтыр 4 мың тонна ғана астық импорттаған еді.

Астық экспорты

(қыркүйек, 2024 ж. – наурыз, 2025 ж.)

Барлығы – 6,3 млн тн

Иран – 741 мың тн

Әзербайжан – 408 мың тн 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz