RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан машина жасаушыларының XII форумы өтіп жатыр

24.04.2025, 21:15 690

Отандық өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау саласының үлесі соңғы 5 жылда 13-тен 19 пайызға дейін өсті. Былтыр өндіріс көлемі 4,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушылар форумында айтылды.

Іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, VI Халықаралық көрмеге қойылған отандық және шетелдік өнімдерімен танысты.

Ел нарығына ауыл шаруашылығы техникаларын, автобустар, жеңіл және жүк көліктерін жасайтын басқа да жаңа компаниялар келіп жатыр. Мұның бәрі – мемлекеттің отандық өндірісті қолдауға жасалған жүйелі жұмысының жемісі. Форумды Президенттің құттықтау сөзімен ашқан Олжас Бектенов осылай деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Машина жасау ісін одан әрі өркендете түсу үшін жергілікті өндірістің үлесін арттыру және озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні жаппай енгізу қажет. Сонымен қатар жұмысшыларға жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, білікті мамандар даярлауға және олардың біліктілігін көтеруге жете көңіл бөлу маңызды.  Экономикалық тұрақсыздық жағдайында болашағы зор салалар мен бағыттарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.

EXPO халықаралық көрме орталығында Олжас Бектенов "Kazakhstan Machinery Fair" экспозицияларын тамашалады. Отандық және шетелдік 20-дан астам елдің компаниялары өз өнімін ұсынды. Халықаралық қатысушылардың қатарында Германия, Италия, Австрия, Оңтүстік Корея, Қытай, Чехия және Қазақстанның ірі кәсіпорындары бар.

Мирлан Алтынбек, тілші:
- Қарағанды облысы Саран қаласындағы QazTehna зауыты көрмеде Yutong қалалық автобусын таныстырды. Бұл кәсіпорын былтыр мың жарымнан астам техника шығарған. Локализация деңгейі 36 пайыздан асты. Алдағы уақытта осы көрсеткішті 50-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Былтыр машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 10%-ға өсті. Осы жылдың I тоқсанында аталған көрсеткіш 17%-дан асты.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
- Форуммен қатар өтіп жатқан Халықаралық көрме 250-ден астам қазақстандық және шетелдік компаниялардың басын қосып, өзара келісім-шарттар жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл көрме B2B кездесулер өткізуге, өнімді бірлесіп өндіруге және тың технологияларды жергілікті ортаға бейімдеуге таптырмас алаң.

Пленарлық отырыста отандық кәсіпорындарды қолдау, жаңа технологиялық үдерістерді игеру шаралары, сондай-ақ машина жасау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Шикізатқа қолжетімділік, ұзақмерзімді қаржыландыру және білікті мамандардың тапшылығы сияқты мәселелер де сөз болды.

Есет Дүйсенов, Алматы ауыр машина жасау зауытының директоры:
- Президенттің "Жұмысшылар жылы" деп белгілегені өте жақсы болды. Қазір көп техникалық колледждермен және университеттермен байланысты көбейтіп жатырмыз. Одан келетін студенттерге тәжірибеден өтуге жағдай жасалған. Бізге қазіргі таңда токарь, фрезерші, балқытушы, дәнекерлеушілер керек.

Форумда "Hyundai Motor Company" өкілдері Қазақстандағы локализацияны ары қарай дамыту жоспарлары туралы айтса, Қытайдың Халықаралық сауданы қолдау комитеті жоғары технологиялы өнімдердің бірлескен өндірісін құруды инвестициялау мүмкіндігін жоққа шығармады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов, Сұлтан Қораз, Ернар Нысанбай

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz