RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында электрометаллургия зауыты салынады

01.05.2025, 13:50 987

Павлодар облысында жаңа электрометаллургия зауытының құрылысы басталады, деп хабарлайды 24KZ. Бұл өңірдің индустриалдық секторы үшін аса маңызды оқиға. Болат шығаратын өндіріс келешекте ішкі және сыртқы нарықты жоғары сұранысқа ие, сапалы өніммен қамтиды. Елдегі ең ірі теміржол кластерін жүзеге асырып жатқан ірі өндіріс ошағы ұсталық бұйымдар кешенін де іске қосты.

Қазығы қағылған электрометаллургиялық зауыттың құрылысы жоспар бойынша 2028 жылға дейін салынып бітеді. Қуаттылығы жылына 1 миллион тоннаға дейін болат шығаратын кәсіпорында мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Жаңа өндіріс ел экономикасы үшін маңызы қадам болып отыр.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

 - Бұл қадам Қазақстанның барлық металлургия саласын дамытудың жаңа кезеңін ашады. Жобаны іске асыру ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие жоғары сапалы болат шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді.

Бұл күні сондай-ақ ұсталық бұйымдар кешені салтанатты жағдайда іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 160 мың бірліктен асады. Облыс үшін бұл жобаның әлеуметтік және экономикалық маңызы жоғары.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Жалпы 125 миллиард тенге инвестиция құйылды, 600 жаңа жұмыс орны құрылып, ең бастысы бұл жұмыс орындары жоғарғы жалақымен қамтылған. Сондықтан жалпы бұл зауыттың өндірісінің көлемінің жоқ дегенде 85-90%-і экспортқа кететін заттар болып шығады.

Алдағы үш жылда холдингке 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылады. Компания төрағасы Сергей Павлингердің айтуынша, жаңа өндірістердің стратегиялық маңызы жоғары. Себебі тау-кен машиналарына, тракторларға және экскаваторларға қосалқы бөлшектердің тапшылығын азайтады.

Сергей Павлингер, RWS KZ холдингінің басқарма төрағасы:

- Бұл технологиялардың өзара әрекеттесуінен туындаған кәсіпорындар. Біз алдыңғы құрылыстарды жүргізе отырып, мол тәжірибе жинадық. Бүгінгі таңда біз үш өндірістік желіні іске қосып отырмыз. Оның қуаттылығы мен өзіндік өлшем бірліктері болады. Ол 160 түрлі бұйымнан тұрады.

Жаңа жобалар Қазақстанның металургия нарығындағы әлеуетін арттырады. Сондай-ақ Екібастұзды моноқаладан экономикасы жан-жақты дамыған толыққанды қала дәрежесіне көтереді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz