Үкімет елде мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытуға басымдық береді, деп хабарлайды 24kz.
2030 жылға дейін жалпы құны $15 млрд болатын 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Осылайша, тағы 19 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға жағдай жасалады. Саланы дамыту жайы бүгін Үкімет отырысында қаралды.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Химия өнеркәсібінің қабыспайтын саласы жоқ. Күнделікті өмірде тұтынатын заттардың 90%-і осы өнеркәсіп түрінен алынады. Сондықтан экономикасын әртараптандыруға ден қойған ел үшін аталған секторды дамыту маңызды. Былтыр өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 5,3% жетті. Әсіресе, химия саласында серпіліс байқалады. Ол жалпы үлестің 4,6%-ін қамтып отыр.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
-Осы жылы өндіріс көлемін 5%-ке арттыру көзделген. Жоспардағы өсімге биыл іске асатын жобаларды, полипропилен өндірісін 32%-ке, натрий цианидін 15%-ке, тыңайтқыштар мен фосфорды 13%-ке, арттыру арқылы қол жеткізу көзделген.Қайта жаңғырту және жаңа жобалар есебінен 2030 жылға дейін жалпы тыңайтқыштар көлемі 4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Сонымен бірге карбамид, калий хлориді сияқты жаңа тыңайтқыш түрлерін өндіру жоспарлануда.
Бүгінде химия саласында стратегиялық маңызға ие 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Басым бөлігі металлургия және мұнай өндірісінде. Таяуда бұл қатарға ауылшаруашылығы қосылады. «Соның арқасында 2030 жылға дейін шаруаларды отандық тыңайтқыштармен толық қамтуға мүмкіндік туады», - деді министр. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы табиғи ресурстардың бай қоры мен географиялық жағынан ұтымды орналасуы мұнай-газ химиясын дамытуға қолайлы. Әсіресе, полиэтилен өндірісін өрістетуге мүмкіндік мол. Биыл жалпы құны 11 млрд теңге болатын ірі зауыттың құрылысы басталады.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
- Мемлекет басшынысың тапсырмасымен полиэтилен өндіретін зауыт салынады. Биыл толық масштабты құрылыс жұмыстары басталды. Осы жобамен бірге екі инфрақұрылымдық жоба – газ сепарациялау кешені мен магистральдық құбырларды салу іске асырылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Атырау облысында жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты Орталық Азия өңіріндегі осы бағыттағы ең ірі кәсіпорын. Былтыр жобаның екінші кезеңі полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Бұл отандық өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жоба. Ол импорттық өнімдерді толық алмастырып, қосылған құны жоғары экспорттың үлесін қамтамасыз етуі керек. Зауыттың ел экономикасына тигізетін мультипликативтік әсері зор болуға тиіс.
Сонымен қатар азот қышқылын өндіру бойынша да атқарылар шаруа аз емес. Тек қаржы көзін тауып, тиімді серіктес құру – басты мәселе. Саланы дамытудың жол картасына сәйкес, алдағы 10 жылда 4,8 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға салаға серпін берер бастамаларды іске асыруда іркіліс болмауын тапсырды. Ал бұл секторға жеке қаржысын құюға құлықты кәсіпкерлерге Үкімет қашан да қолдау көрсетуге әзір.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Стратегиялық инвесторларды тарту көбіне инвестициялық ахуалдың сапасына және саланың даму жағдайына байланысты. Ұлттық экономика министрлігі Энергетика министрлігі және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге биыл 1 шілдеге дейін Үкіметке химия және мұнай-газ химиясы жобаларын салықтық және кедендік ынталандыру бойынша нақты шаралар мен ұсыныстар енгізуді тапсырамын.
Елде Мұнай-газ-химиясы саласы туралы арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат ашық әрі тиімді құқықтық орта қалыптастыруды көздейді. Яғни, кәсіпорындардың шикізат базасына қол жеткізуін, қаржыландыру мен субсидиялау және салық жеңілдіктерін қолдануына тең құқық береді. Премьер-министр аталған бастаманы қолдайтынынын айтып, заң жобасын күзге дейін Үкіметке енгізуді тапсырды.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #мұнай газ химиясы #инвестициялық жоба #жұмыс орындары #Үкімет отырысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz