RU
Толық нұсқаға өту

Нью-Йоркте Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

08.05.2025, 07:45 793

Жаһандық қаржы саласының астанасы атанған Нью-Йоркте Қазақстанның инвестициялық әлеуеті америкалық тарапқа таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.

Kazakhstan Finance Day сериясы аясында өткен шараға АҚШ-тың ірі инвестициялық қорлары, қаржы институттары, бизнес қауымдастығы мен қала мэриясының өкілдері қатысты.

Жиында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Жаһандық экономикада қалыптасқан тұрақсыздық жағдайында америкалық инвесторлар қанадай ұсыныс жасады?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Қазақстандағы қолайлы инвестициялық климаттың негізгі алғышарттары деп саяси тұрақтылықты, экономикалық реформаларды, даму әлеуетінің жоғарылығын және инвесторлардың заңмен қорғалуын атап өтсе болады. Мұндай жағдай америкалықтар үшін де тартымды. Соңғы бес жылда Нидерланд пен Ресейден кейінгі үшінші орынды дәл осы АҚШ инвесторлары ұстап отыр. Алайда 2023 жылдан бастап статистика төменге құлдилай бастаған. Оған не себеп, оны өзгерту үшін не істемек керек? Нью-Йорктегі дөңгелек үстелдің басты сұрақтары осы болмақ.

Дэвид Роббинс, TCW компаниясының менеджері:

- Бұл көрсеткіштерде мұнай-газ секторының алатын үлесі зор. Және 2022-2023 жылдардағы геосаяси жағдайлар да әсер етті. Соған қарамастан елдеріңіз өңірдегі ірі ойыншылармен өте ұстамды әрі тиімді байланысты қамтамасыз етті. Сол себепті біз Қазақстанның ішкі және халықаралық нарықтағы облигацияларына қаражат құйып отырмыз.

Дэвид Роббинс меңзеген мұнай-газ секторы сыртқы экономикалық тұрақсыздыққа өте сезімтал келеді. Сол себепті америкалық инвесторлар ақшаны басқа да бағыттарға салуды мақсат етіп отыр.

Уард Корберт, Catalyst Partnership Management компаниясының инвестициялар жөніндегі бас директоры:

- Инфрақұрылым, теңіз порттары, әуежайлар, теміржолдар және сол сияқты жолаушы және жүк тасымалына қатысты нысандарға қызығушылық артып келеді. Еуропа мен Қытайдың арасын 15 күнде жалғай алу дәстүрлі теңіз жолдарының екі айлық сапарынан әлдеқайда тиімді. Сондай-ақ финтех компанияларға да көп көңіл бөлініп жатыр. Қазақстанда өндіріліп, шетелге экспортталатын тауарларға да мойын бұрып жатырмыз.

Америкалықтар отандық ірі компаниялардың халықаралық қор нарықтарына шыға бастауын өте жоғары бағалап отыр. Бұл сенім ұялататын қадам дейді. Алайда серіктестерді селт еткізген Трамптың тарифтері көпжылдық қарым-қатынасқа сызат түсірмей ме? Оны  өздерінен сұрап көрдік.

Айзак Швартц, Robotti & Co. Advisors компаниясының менеджері:

- Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесі деп білеміз. Байқоңыр, ядролық қарусыздандыру кездерінен бастап қазірге дейінгі қарым-қатынасымыз ұзақ мерзімді серіктестіктің жарқын көрінісі. Екі елдің билік өкілдері әртүрлі әкімшілік кезінде де осы достық рәуішті сақтай алды. Және бұған тарифтер әсер етпейді деп ойлаймын. Бұл тек уақытша құбылыс. Әрине, Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысының салқыны әсер етуі мүмкін, бірақ тарифтердің зияны зор болмайды. Инвесторлар да соған назар аударуы керек деп есептеймін.

Уард Корберт, Catalyst Partnership Management компаниясының инвестициялар жөніндегі бас директоры:

- Тарифтің жыры ары кетсе жыл соңына дейін ғана созылуы мүмкін деп ойлаймын. Содан соң әлем бойынша біраз тұрақтылық орнайтынына сенемін. Сондықтан қос тарапқа да барынша ұтымды келісіммен шығуды мақсат ету керек.

Дэвид Роббинс, TCW компаниясының менеджері:

- Меніңше, жағдай ушығып кетсе, мәселенің шешілуі ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Әзірге соңы қалай болатынын тіпті болжай да алмай отырмын. Десе де, тарифтер әлсірету емес, келісімге тезірек келу құралы ретінде қолданылатын сияқты. Бұны барынша тезірек шешу маңызды. Шешілмесе, бұл АҚШ-тың дамуына да өз залалын тигізеді.

Осы орайда  қазақстан нарығындағы  жаңалықтар, реформалар мен мүмкіндіктер және кейінгі шолу нәтижелері де инвесторларға ұсынылды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Елімізге шетелден тікелей инвестициялармен қатар қаржылық ұйымдардан да портфельдік инвестициялар аса қажет. Қазіргі таңда «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» секілді ірі холдингтеріміз қарыздық және үлестік бағалы қағаздарын саудаға шығаруды көздеп отыр. Мұнда ҚТЖ, «Қазатомпром» компаниялары мен еурооблигациялар сөз болып жатыр. Және оларды алатын инвесторлар керек. Соларды тарту үшін біз елімізде атқаралып жатқан барлық жұмыстар жайлы хабар беріп жатырмыз.

Бұл шаруаны әлемдік қаржы астанасы атанған дәл осы Нью-Йоркте ұйымдастыру да бекер емес. Себебі дәл сол инвесторлардың назарын аударуға бәсеке күшті. Сондықтан ірі компаниялардың басшылары тікелей келіп, бір үстелде америкалық тараптың сұрақтарына жауап беріп, «Трамп дәуірі» кезіндегі жұмыс жоспарларын пысықтады.

Авторы: Ердана Ержанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz