Маңғыстаудағы индустриалды паркте 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір мұнда 10 кәсіпорын істеп тұр. Өндіріс ошақтары мұнай-газ өндірісіне арналған құбырларды, құрылыс материалдары мен полиэтилен бұйымдарды шығарады. Ақтаудан 12 шақырым жердегі индустриялық аймақ инфрақұрылымдық желілермен толық қамтамасыз етілген. Таяуда парк ішінде теміржол желісі жаңартылды.
Бұл кәсіпорын Атыраудан Маңғыстауға 3 жыл бұрын көшірілді. Себебі зауыттың индустриалды аймақта орналасуы бизнесті дамытуға қолайлы. Қазір мамандар болат құбырлардың ішкі және сыртқы коррозияға төзімділігін арттыру бойынша тапсырыстарды орындап жатыр.
Ибраһим Жақып, зауыт директоры:
- Осы өндіріс индустриалды парк аумағында резидент болғаннан кейін бізге инфрақұрылымға қатысты көптеген жеңілдік болып жатыр. Бұл жерді таңдау себебіміз де сол. Газ бар, су, жол бар. Теміржол, солармен барлығы қамтылғаннан толықтай кейін жаңадан осы зауыт салынған.
Индустриалды парк өткен ғасырда түрлі маркалы полистирол өндірген зауыт орнында құрылды. Тозған инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылды. Мысалы, биыл теміржол желісіне мән берпілді. Шойын жолдың ұзындығы 13 шақырым. Соның 6 шақырымына жаңа рельс төселді. Осылайша шикізат қабылдап, жол құрылысы, мұнай-газ секторына арналған материалдарды жедел жөнелтуге мүмкіндік туды.
Абылай Молдағұлов, «Каспий» ӘКК басқарма төрағасы:
- Бұл индустриалды парк біздік еншілес компаниямыз болып келеді. Қазіргі таңда теміржолды жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Одан басқа электр энергия желілерін қалпына келтіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін су мәселесіне көшетін жоспарымыз бар. Сөйтіп, бәрі де ойдағыдай болса кәсіпкерлер үшін, осында орналасқан өндіріс үшін барлық жағдайды жасауға күш-жігерімізді саламыз.
140 гектар жерді алып жатқан индустриалды аумақта 10 кәсіпорын қызметін жалғастырып жатыр. 2027 жылдың соңына дейін мұнда тағы 17 инвестжоба жүзеге асырылады. Осында зауыт ашып, қолданыстағы өндіріс орнын көшіріп әкелгісі келетіндер тиімді ұсыныстардың бірін таңдай алады. Яғни инженерлік ифрақұрылыммен жабдықталған ғимарат немесе жер орны кейін сатып алу құқығымен жалға беріледі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Маңғыстау #инвестициялық жоба #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz