Цифрлық теңге арқылы бюджет қаржысын бақылау күшейтіледі. Қазынадан бөлінетін қомақты ақшаның қайда, қалай жұмсалғанын ендігі жерде бірнеше құзырлы орган қадағалайды. Бұл бойынша Ұлттық банк, Қаржы министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққы қарсы іс-қимыл агенттігі пилоттық жобаны іске қосты. Қазірдің өзінде бастама Атырау және Павлодар облыстарында жол салу жұмыстары кезінде қолданылып отыр. Ұлттық қор арқылы қаржыландырылатын жобалар да таңбаланған теңге арқылы жүргізілмек. Бұл қалай іске асады.
Цифрлық теңге, қарапайым тілмен айтқанда, бұл таңбаланған теңге. Белгілі бір мақсатқа мөлшерлеп бөлінген қаражат. Мұны жоспарсыз басқа бағытқа жұмсауға тиым салынады. Ерекшелігі де осында болып тұр. Ендігі жерде бюджет қаражатының қозғалысы осы арқылы бақыланады. Мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық теңге қолданылып жатыр. Ұлттық банк өкілінің ақпарынша, таңбаланған теңгемен есеп айырысу үрдісі басталыпты.
Таңбаланған теңге елдегі жемқорлыққа тұсау болайын деп тұр. Жобаларға бөлінетін қаржы енді жаппай цифрлық түрде үлестіріле бастайды. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Жоспар бойынша жыл соңына дейін бастаманың қолдану аясы кеңейтіледі. Бағдарламаға кәсіпкерлердің қатысуын ерікті негізде жүзеге асыру көзделіп отыр. Шартарапқа көз салсақ, қазірдің өзінде бірқатар мемлекет өз цифрлық валюталарын ресми түрде айналымға енгізіп үлгерген. Ал Қазақстан әлемдегі жаңа сандық қаржы жүйесіне бет алған елдердің қатарында еніпті.
Бауыржан Ысқақ, экономист, сарапшы:
- Бірінші кезекте қаржы инклюзияны арттырады деп айтуға болады. Ауылдық немесе шалғайдағы халыққа банктік қызметті жетілдіреді және де банктің қандай да бір шоттарынсыз-ақ цифрлық әмиян арқылы төлем жасау мүмкіндігін береді. Жалпы мемлекетке пайдасы қолма-қол ақша шығындарын азайтады. Ақша басуға, тасымалдауға көбейтетін шығындарды еселеп төмендететін жағдай. Жемқорлыққа қарсы жұмыс жасауға көлеңкелі экономикаға да мұның әсері бар.
Қазір 250 млрд теңге цифрлық айналымда тұр. Жоғарыда айтқандай, кей өңірдегі шаруа қожалықтарына қаражат қолма-қол емес, онлайн үлестірілген. Жалпы бұл жаңа қаржы жүйесі Қазақстанда 2023 жылдан бастап сынақ режимінде іске қосылды. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт елдері бұл тәжірибені өздеріне енгізуді көздеп отыр. Мәселен, АҚШ цифрлық доллар тұжырымдамасын зерттеу үстінде. Ал келер жылға қарай Еуропалық Одақ цифрлық еуроны қолданысқа енгізілуі мүмкін. Ұлыбритания болса цифрлық фунт жобасын әзірлепті. Бізде де бастаманың аяқ алысы жаман емес. Алдағы уақытта барлық қажетті инфрақұрылым құрылса, бұл қадам ұлттық қаржы жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретіні анық.
Тегтер #Цифрлық теңге #қаржы жүйесі #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz