Елде жыл санап сұйытылған мұнай газына сұраныс артып келеді.
Энергетика министрлігі ай сайын ел өңірлеріне шамамен 130 мың тонна сұйытылған газ бөледі.
Алайда бұл көлем жеткіліксіз болып отыр. Себебі сұраныс жоғары. Яғни тапшылық шамамен 23 пайызды құрайды.
Сұраныстың өсуіне газбен жүретін көліктердің көбеюі әсер етіп отыр. Мәселен, былтыр елде газбен жүретін көлік саны 677 мыңға жетті. Ал одан бір жыл бұрын, 2023 жылы 582 мың көлік тіркелген еді.
Сонымен қатар біздегі сұйытылған мұнай газының бағасы көрші елдердегі бағадан едәуір арзан. Бұл да іргелес мемлекеттерге отынды заңсыз жеткізетіндерді көбейтіп отыр. Үкімет осы тұрғыдан келгенде қандай шараларды қолға алды?
- Көрші мемлекеттерге мұнай газын заңсыз шығаруға тырысатындар бар. Үкімет қазір автокөлік пен теміржол арқылы газ шығаруға тыйымды тағы жарты жылға ұзартты.
Сұйытылған мұнай газы экспортталмайды
Сұйытылған мұнай газы экспортталмайды. Бұған дейін 2023 жылдың қарашасынан бастап ел аумағынан мұнай газын автокөлік және теміржол арқылы әкетуге тыйым салынған еді. Тыйым мерзімі кеше аяқталды. Осыған орай тағы да алты айға тыйым енгізілді. Энергетика министрлігі мұны ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында енгізіп отыр. Сәйкесінше биылғы қараша айына дейін сұйытылған мұнай газы, пропан мен бутан ел аумағынан шығарылмайды. Алайда бұл тыйымның транзиттік жүкке және кейбір өндірушілерге қатысы жоқ. ЦИТАТА.
Өнімді бөлу туралы келісім немесе ел Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардың өнімдерін шығаруға, халықаралық шарттар негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген тауарларды шығаруға және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде басталатын транзиттік тасымалдарға тыйым салынбайды.
ҚР Энергетика министрлігі
Егіс науқанына қажет дизельдің 54% жеткізілді
Көктемгі егіс науқанына қажет отын жеткілікті. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, шаруаларға 215 мың тонна арзандатылған отын жөнелтілді. Отынмен қамту бойынша арнайы кесте бекітілді. Науқан соңына дейін 400 мың тонна дизель отыны жеткізілуі тиіс. 1 литр дизельдің бағасы 254 теңге. Яғни жанармай бекеттеріндегі бағадан 15-20 пайызға арзан.
Шаруаларға арналған дизель отынын жеткізудегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін өнімге әртүрлі бояулар қосылды. Яғни Атырау мұнай өңдеу зауытының өнімі - сары түске, Шымкент зауытының өнімі көк түске боялды. Ал Павлодар зауытының дизелі қызыл түсті болады.
Бүгінде егіс науқанына қажет отынның 54 пайызы жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету мақсатында жеткізушімен мұнай өнімдерін сатып алу-сату шарты жасалған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде дизель отынының төлемін төлеу қажет. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге отынды жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі
Егіс науқанына бөлінген дизель отыны
Барлығы – 400,9 мың тонна
Жеткізілгені – 215 мың тонна
1 литр – 254 теңге
15-20% арзан
Мұнай өнімдері өндірісі 10,8%-ға өсті
Елдегі мұнай өнімдерінің өндірісі 11 пайызға жуық ұлғайды. Биылғы қаңтар-сәуір аралығында ірі мұнай зауыттары 6 млн тоннадан аса мұнай өңдеді. Өңдеу көлемінің артуына ішкі және сыртқы нарықтардағы сұраныстың өсуі сеп болды. Оның ішінде бензин өндірісі 25,4 пайызға ұлғайып, 2 млн тоннадан асты. Дизель өңдеу көлемі 19 пайызға таяу өсіп, 2 млн тоннаға жуықтады. Сондай-ақ 255 мың тонна авиаотын өндіріліп, 5,3 пайыз өсім тіркелді.
Үкімет мұнай өнімдерін өндіруді арттыруды көздеп отыр. Осы мақсатта 2040 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленді.
Цитата
Құжат 2032 жылға дейін жұмыс істеп тұрған зауыттарды және Ақтау битум зауытын кеңейту, сондай-ақ 2030-2040 жылдар аралығында жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа ірі зауыт салу арқылы өңдеу қуатын 18 млн тоннадан 28 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мұнай өңдеу көлемі жылына 38 млн тоннаға дейін жетеді. Осылайша, өндіру мен өңдеу арасындағы қатынас қазіргі 5:1 деңгейінен 2,8:1 деңгейіне дейін жақсарады. Бұл көрсеткіш технологиялық жағынан дамыған Сауд Арабиясы, Канада, Ресей, Қытай, АҚШ және Сингапур сынды мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді.
ҚР Энергетика министрлігі
Мұнай өнімдерінің өндірісі
(қаңтар-сәуір, 2025 жыл)
Барлығы – 6,092 млн тонна
Өсім – 10,8%
Бензин – 2,082 млн тонна
Дизель – 1,921 млн тонна
Авиаотын – 0,255 млн тонна
Мұнай өңдеу саласына $19 млрд инвестиция тартылады
Тұжырымдаманы жүзеге асыруға шамамен 19 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тартылады. Осы айда Ақтау битум зауытын кеңейту бойынша жоба мәреге жетті. Соның арқасында зауыттың өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға артпақ. Ал 2030 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 12 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Павлодар зауытындағы кеңейту жұмыстары екі кезеңде жүзеге асады. Яғни өндірістік қуаты 2026 жылы – 6 млн тоннаға, 2032 жылы 8 млн тоннаға жетеді. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты 2028 жылға қарай жылына 7 млн тоннаға жуық мұнай өңдейді.
Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы
Инвестиция – $15-19 млрд
Ақтау битум зауыты – 1,5 млн тонна
Шымкент МӨЗ – 12 млн тонна
Павлодар МХЗ – 8 млн тонна
Атырау МӨЗ – 6,7 млн тонна
Тегтер #сұйытылған газ #мұнай #газ #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz