Елімізде балық өсіру көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Қазір елдегі кәсіпорындар жылына 60 мың тонна өндіруге қауқарлы. Бұл үш есе аз. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды. Аквашаруашылық туралы заңды екі оқылымда қараған сенаторлар құжатқа бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Құжатта балық өсіретін шаруаларды мемлекеттік субсидиялар арқылы демеу, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту мәселелері қамтылған. Саланы дамытуға инвестиция құюға дайын инвесторларға су айдындары конкурссыз берілмек. Депутаттар елімізде жергілікті маңызы бар 3 мыңға жуық су айдандарында аквашаруашылықты дамытуға болатынын айтады. Былтыр табиғи су айдындарында 45 мың тоннаға жуық балық ауланған. Ал сала кәсіпкерлері 24 мың тоннадан астам балық өсірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бүгін қаралған заңдар аквашаруашылық саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді. Жаңадан әзірленген жеке заң аясында аквашаруашылық субъектілері мен олардың қызмет түрлері айқындалды. Сондай-ақ салаға жауапты мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреттері де нақтыланды. Аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік ынталандыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс берді. Алдағы уақытта қаралған заңдар еліміздегі аквашаруашылықтың орнықты дамуына тың серпін береді деп сенеміз.
Тегтер #балық шаруашылығы #ереже #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz