RU
Толық нұсқаға өту

Ірі инфрақұрылымдық жобалар цифрлық теңгемен қаржыландырылып жатыр

16.05.2025, 12:50 392

Цифрлық теңге жемқорлықты жояды. Жобаны жүзеге асырып жатқан Ұлттық банктің мәлімдемесі осындай. Әзірге теңгенің үшінші формасы ірі инфрақұрылымдық жобалар мен ауыл шаруашылығын субсидиялау механизмінде қолданысқа енгізілді. Бұл жаңа технологияның экономикамызға әсері қандай болмақ?

Қазір Қазақстанда қағаз ақшамен қатар онлайн төлемдер кең таралған. Енді бұл қатарға цифрлық теңге қосылды. Ол жаңа валюта емес. Тек теңгеміздің блокчейн технологиясына негізделген жаңа форматы. Құны да кәдімгі фиат ақшамен тең. Бірақ басқа төлем құралдарынан артықшылығы көп.

Мәселен, бұл қаражаттың кімге, қай уақытта қанша көлемде жіберілгенін қадағалап отыруға болады. Яғни жасыра алмайсыз. Сонымен қатар цифрлық теңгені таңбалау мүмкіндігі бар. Арнайы белгі қойылған ақша тек бір мақсатта ғана жұмсалады.

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкі баспасөз хатшысы:

- Кәсіпкер қандай да бір жобаны жүзеге асыруға тендер ұтып алған кезде, оған бөлінген қаражатты өз шотына алған кезде ол сол қаражатты, ол тек сол жобаны аяқтауға, іске асыруға қажетті жұмыстарды, тауарларды сатып алуға, қызметтерді сатып алуға, жұмыстарды жүргізуге жұмсай алады. Әрине, бұл жоба ертең аяқталғаннан кейін бұл таңбалар алынып тасталады.

Қазір бірнеше ірі жобаға қаражат осы цифрлық теңгемен бөлінді. Бұл қатарда Атырау және Павлодар облыстарындағы автожолдар, Достық-Мойынты темір жолы мен Талдықорған-Үшарал газ құбырының құрылысы бар. Сонымен қатар фермерлерге несие мен субсидия беріліп жатыр.

Айбар Олжай, сарапшы:

- 200 млрд теңгенің барлығы ол, мысалы, ауыл шаруашылығына субсидия. Сол субсидия қайда кетеді? Шынымен де ол тиімділігін көрсетіп жатыр ма? Цифрлы теңге осындай биг-дата технологиясы арқылы көруге мүмкіндік береді эффектісін. Екіншіден, үлкен инфрақұрылымдық құрылыс жобалары. Үлкен бір жобаға ақша келді дейік. Оның барлығы цирлы теңге түрінде жүреді кейін. Сол кезде әр теңгенің эффектісі болды ма? Соны біз қарай аламыз.

Яғни цифрлық теңге бюджет қаражатын тиімді жұмсауға септігін тигізеді. Жоба нәтижелі болса, республика көлемінде қолданысқа енгізу жоспарланған.

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz