RU
Толық нұсқаға өту

Маңғыстау облысының прокуратурасы 13 мың кәсіпкердің құқығын қорғады

16.05.2025, 23:00 542

Соңғы екі жылда Маңғыстауда 13 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Аймақ прокуратурасы бизнес өкілдеріне мемлекеттік сатып алу, жер қатынасы, салық саласында кезіккен бірқатар әкімшілік кедергіні жойған. Қадағалаушы орган араласуымен жалпы құны 300 млрд теңгелік жобалары бар 60 инвестордың мәселесі оң шешімін тапты. Бұл туралы бүгін Ақтауда өткен өңірлік инвестициялық форумда айтылды.

Бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың бизнесті дамыту жолында кезіктірген мәселесі прокуратураның араласуымен шешілген. Мәселен, Ақтауда мұнай-газ өндірісіне қажетті құбыр шығаратын зауыт ұжымы мемлекеттік сатып алу конкурс нәтижесіне наразылық білдірген. Прокурорлық тексеруден кейін әлгі лот қайта жарияланды. Отандық кәсіпорын оны ұтқан жағдайда жергілікті мұнай компанияларына өз тауарын ұсына алады. 

Берік Жақашев, зауыт директоры:

- Біздің басты бәсекелесіміз былай қарағанда, ол шетелден келетін ресейлік немесе қытайлық тік тігісті құбырлар. Прямошовная труба деп аталады. Сол тапсырыстарға, сондай тендерлерге біз қатыса алмай қаламыз. Прокуратура осы 2025 жылдың басында жарияланған бір тендерді, тік тігісті құбырлардың тендерін біздің құбырлардың тендеріне ауыстыруға көп көмегін тигізді. Әкімшілік қиындықтар болған жағдайда бізге бар көмегін тигізуге дайын екенін білдіріп отыр. 

Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша берген нақты тапсырмасы бар. Осы орайда прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде Маңғыстауда мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар заңсыз бекіткен 17 актінің күші жойылды. Өңірдегі ірі монополист ұйымдардың шарттық міндеттемелерін мерзімінде орындауы жіті бақылауға алынған. 

Мерген Меңдіғалиев, облыс прокуратурасының басқарма бастығы:

«Прокурорлық сүзгі» жобасы іске қосылды, өздеріңіз білесіз. Жалпы динамика жақсы. Мемлекеттік органдармен бизнесті тексеру көрсеткіштері 40 пайызға төмендеді. Егер де, 2025 жылы 8 мың болған болса, қазіргі көрсеткіші 5 мыңға дейін төмендеді. Сонымен қатар, 60 инвестордың мәселелерін біз оң шештік. Жалпы, бүгінгі форум біздің өңірге қосымша инвестиция тарту және халықтың тұрмысын жақсартуға өз септігін тигізеді деп біз есептейміз.

Форумда теңіз туризмін қоса алғанда, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Шараға қатысушылар Маңғыстау облысын су кластері басым туристік аймақ ретінде танып, оған жеке субсидиялау механизмін енгізу мәселесін де көтерді.

Әмірғали Жаңаев, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Біздің облыс бойынша 33 инвесторлық жоба бар. Олардың былтыр бесеуі күшіне еніп, яғни тапсырып аяқталды. Біз прокуратура органымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Арамызда меморандум бар. Кәсіпкерлер палатасының ішінде инвесторлардың құқығын қорғау бойынша прокурордың кабинетін ашып қойдық. Ол жерге келген инвесторды кезекші прокурор қабылдап, қажет болған жағдайда арыздарын бірге қабылдап отырады. 

Жиында азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Расында Маңғыстаудың импортқа тәуелділігі жоғары. Жылына шамамен 50 млрд теңгеге азық-түлік сырттан әкелінеді. Көкөністер мен жеміс-жидекке үстеме баға 300%-ға дейін барады. Осы мәселені шешу үшін прокуратура өкілдері жылыжай шаруашылығын субсидиялау шарттарын жеңілдету, шағын және орта бизнесті аграрлық бағдарламаларға қосу, Каспий теңізінде тор қоршамада балық өсіру жөнінде ұсыныс көтерді.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz