Аңқасы кепкен Есіл мен ауыз судан тарыған Астана 30 жылдан кейін қалай өзгереді?
Елорда жастары дәл осы сұрақты жасанды интеллектіге қойып көрді. Нейрондық желі ондаған сурет әзірлеп, тіршілік көзінің тапшылығынан келетін қауіпті көрсетті. Туындылар ашық аспан астындағы көрмеге қойылып, тұрғындар назарына ұсынылды.
Қураған ботаникалық бақ, тартылған Есіл қоқысқа толы жағажай. Суға салғырт қарасақ, Астана келбеті 30 жылдан кейін осылай өзгеруі мүмкін. Бұл жасанды интеллектінің болжамы. Жантүршігерлік кескіндерді көрмеге қойған елорда жастары мұндай қауіптің алдын алу үшін қоғам болып күресу керек дейді. Олар осы арқылы су үнемдеуге үндеп, табиғи апаттың алдын алуды насихаттамақ.
Арайлым Сапарәлі, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
- Республикалық "Таза Қазақстан" акциясының аясында жасанды интеллект көмегімен суды бағалау, үнемдеу, табиғи ресурстарға үнемділікпен қарауды жеткізгіміз келеді. Бүгінгі көрменің мақсаты - қазіргі кезде дұрыс пайдаланбау, суды үнемдемеу, көп жерлерде су тапшылығы пайда болып жатыр, соның алдын алу мақсатымен жасалып отырған дүние.
Көрменің айналасында белсенді волонтерлер еңбек етеді. Олар тұрғындарға суреттердің мәнін түсіндіріп, маңызды мәселеге қоғам назарын аударуды жоспарлап отыр. Су тапшылығы әр адамның жауапкершілігі. Табиғи ресурстарға ұқыптылықпен қарау маңызды дейді еріктілер.
Нұрдәулет Саламатов, «Астана жастары» волонтёрі:
- Бүгін кешке дейін осында боламыз. Бізде волонтёрлар көп, сондықтан ауысыммен жұмыс істейміз. Бірі күндіз, бірі кешке кезекпен ауысатын боламыз. Тұрғындар мен қала қонақтарын шақырып, туындыларды көрсетеміз. Мақсатымызды түсіндіріп, толғандырған сұрақтарына жауап береміз.
Көрме келесі аптаға дейін жалғасады. Туындылар адам аяғы үзілмейтін Есіл жағасындағы Атырау көпіріне қойылды. Мұнда жасанды интеллект жасаған 22 сурет тұр. Қала халқы мен қонақтары демалыс күндері кез келген уақытта барып, нейрожелі әзірлеген суреттерді тамашалай алады.
Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев
Тегтер #жарнама #жастар #суды үнемдеу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz