Қазір елдегі электр станцияларының 56% тозған. Енді бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 40%-ке дейін төмендету – міндет. Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту бойынша ұлттық жоба бекітілді. Жоба бойынша қолданыстағы жаңғыртылады және жаңадан қуат көзі станциялары салынады. 4 жылда жалпы қуаты 7,3 гигаватт болатын бірнеше кәсіпорын іске қосылуға тиіс. Ал елдегі энергетикалық сектордың қазіргі жағдайы қалай?
Үкімет жоспарлаған ауқымды жобалар бар. Мәселен, 2029 жылға дейін 29 жоба аяқталады.
Энергетикалық салаға қомақты инвестиция қажет
Былтыр өндірілген электр энергиясы 4% артты. Қазір елде қуат беретін 227 станция бар. Бірақ олардың орташа тозу деңгейі 56% жетіп тұр. Ал күн санап өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін қолда бар станцияларды жөндеп, жаңадан кәсіпорындар салу қажет. Былтыр ел көлемінде жалпы қуаты 771 мегаватт болатын энергия көздері іске қосылды. Ірі жобалар қатарында Екібастұз, Атырау мен Жезқазғандағы жылу-электр орталықтарын жаңғырту жобаларын атап өтуге болады. Биыл 621 мегаватт қуат енгізу жоспарланып отыр. Ал келешек сұранысты жабу үшін салаға қомақты инвестиция тарту қажет.
«Біздің алдымызда өсіп келе жатқан сұранысты ғана емес, сонымен қатар экономикамыздың болашақ дамуына және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін қор құру міндеті тұр. Жоспарымыз бойынша 2035 жылға дейін жалпы көлемі шамамен 26 ГВт болатын жаңа қуат көздері іске қосылады. Бұл кешенді жоспар станцияларды жаңғырту, түрлі типтегі жаңа станцияларды салу және желілерді дамыту сияқты іс-шараларды қамтиды» — Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі
12 жылу электр орталығының жағдайы жақсарды
Энергетикалық саладағы реформаның нәтижесінде былтыр 12 жылу электр орталығының жағдайы жақсарды. Мәселен, алдыңғы жылы әбден тозған, яғни «қызыл аймақта» 19 станция тұрса, қазір 10 станция қалды. «Сары аймақта» 17 орталық бар. Ал жағдайы жақсы деген «жасыл аймақтағы» кәсіпорындар саны үшеуге көбейіп, 10-ға жетті.
Бұл жерде халі мүшкіл деген нысандарға ерекше назар аударылды. Биыл да қауіпсіз аймақтағы кәсіпорындар саны артады. Салаға бөлінген қаржы көлемі 44% өсті. Жаңғырту-жөндеу жұмыстарына 327 млрд теңге қарастырылды. Жоспарланған жұмыстың кестеге сай жүзеге асуы ел билігінің назарында тұр.
«Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті ел құрудың басты бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл жаңа әлемдегі тұрақты прогрестің негізгі факторы. Цифрландыру мен жасанды интеллектінің кеңінен енгізілуіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның үлкен мүмкіндіктері бар. Дегенмен жоспарланған жобалардың уақытында іске аспауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Көптеген ірі жобаға энергия қазірдің өзінде қажет» — Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі.
Көмір жағатын орталықтар жаңғыртылады
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріледі. Былтыр «жасыл энергия» кәсіпорындары елдегі қуаттың 7% жуығын берді. Қазір елде 153 станция бар. Былтыр 8 станция іске қосылса, биыл 9 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Сондай-ақ биыл жалпы қуаты 1810 мегаватт болатын жобалар аукционға шығарылады. Оның ішінде жел станцияларының қуаты 1200 мегаватт болса, судан өндірілетін энергия 500 мегаватт. Сондай-ақ 90 мегаватт беретін күн және 20 мегаваттық биогаз станциялары бар.
ЖЭК жобаларымен қатар көмірден қуат өндіретін орталықтарды жаңғыртуға көңіл бөлінеді. Бұл жерде көмірдің қоршаған ортаға зиянын азайту көзделген.
«Біз диверсификация мен экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығын түсінеміз. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолында көміртегі үлесі төмен көздерді қарастырамыз. Алайда біздің көмір қорымызды ескерсек, одан толық бас тарту тиімсіз. Екібастұздағы ГРЭС-3 сияқты жаңа көмір жобалары, сондай-ақ Семей, Өскемен және Көкшетаудағы заманауи көмір станциялары қоршаған ортаға әсері аз көмір технологияларына негізделеді» — Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі.
77 500 шақырым электр желісі жаңарады
Тағы бір мәселе – елдегі электр желілерінің тозуы. Ұлттық энергетикалық жаңғырту жобасы аясында 77 500 шақырым электр желісі мен 1600 шақырым жылу желіcі жаңарады. Жобаның жалпы бюджеті 4 трлн теңге. Соның арқасында 2029 жылға қарай электр желілерінің тозуы 45%, жылу желілерінің тозуы 42% төмендейді деген жоспар бар.
Тегтер #бұл нарық #электр желісі #жылу электр орталығы #энергетика #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz