Қызылорда облысында егін шаруашылығына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.
Аралда отыз жыл бойы игерілмеген алқап қайта айналымға қосылса, Жалағашта су үнемдеу жүйесі оң нәтиже беруде. Диқандар заманауи әдістер арқылы шығынды азайтып, өнім көлемін арттырып отыр.
Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылында соңғы 30 жылда пайдаланылмаған жер қайта айналымға қосылды. Кәсіпкер Елтай Төреханов 7 гектар алқапқа қарбыз, қауын, қияр мен қызанақ егіп, жабынды астында өсіріп отыр. Бұл тәсіл арқылы өнім ерте пісіп, суды үнемдеуге мүмкіндік бар, дейді диқан.
Елтай Төреханов, кәсіпкер:
- Пленканың ерекшеліктері ерте жер қызады, арам шөп шықпайды, артық су ысырап болмайды. Бір, екі адам басқара береді.
Мұндай тәсіл бастапқыда қосымша шығынды қажет еткенімен, өнім көлемін едәуір арттырады. Ал Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов ауылында үш жылдан бері электронды су өлшеу құрылғысы қолданылып келеді. Шаруалар жерді лазерлік тегістеу арқылы су шығынын азайттық деп отыр.
Әліби Бекжанов, шаруа қожалығының басшысы:
- 28 мың куб су жұмсадым мен бірінші жылы. Өткен жылы 10 сантиметр тереңдікте ұсатап, күріштің суын, 18 мың куб су жұмсадым бір гектарға. Осы жылы 5 сантиметрге рейканы қойдым, 5 сантиметрден суды асырмай көреміз деп. Одан да төмен болады деп мен түсініп тұрмын, солай болатынына көзім жетіп тұр.
Қызылордалық диқандар жоңышқа өсіру мен тұқым дайындау салаларында да озық технологияны енгізбек. Мемлекеттік қолдаудың да маңызы зор дейді сала мамандары.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- 5 пайызбен өткен жылы біздің шаруашылықтар 10 млрд теңгеге жуық несие алса, үстіміздегі жылы осы бағытта мемлекет тарапынан 23,5 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгіннің өзінде 12,3 млрд теңгесі сол шаруашылықтардың қолына жеткізілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, былтыр өңірде 11 инвестициялық жоба іске асып, 77 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл тағы 14 жобаны жүзеге асырып, 100-ден астам адамға жұмыс беру көзделіп отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев
Тегтер #Қызылорда облысы #ауыл шаруашылығы #инвестиция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz