Үш жылға созылған дағдарыстан кейін гауһар тастар нарығы оңала бастағандай. Өткен айда 1 караттық бағалы тастар бағасын көрсететін RAPI индексі 0,7%-ке өсті.
Rapaport агенттігінің мәліметінше, бұл – 2022 жылдан бергі алғашқы өсу. Гауһар тастар бағасының құлдырауы осымен тоқтай ма, әлде бұл уақытша құбылыс па?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- 2022 жылдан бері гауһар тастар бағасы 40% құлдырады. Яғни, бір караты 158 доллардан 94 долларға дейін бір-ақ арзандаған. Сарапшылар: «Әлемдік нарықтағы бағалы тастар бағасы алдағы 2 жылда қалпына келуі мүмкін», - деп отыр. Өйткені адамзат білетін кен орындары бірінен соң бірі сарқылып жатыр. Ал, жаңасы әзірге табылмай тұр. Қордың азаюы бағаның шарықтауына әкелетіні айтпаса да түсінікті.
Сергей Тахиев, АЛРОСА алмаз өндіруші компанияның басқарма басшысы:
- Соңғы 10 жылда гауһар тастар мен одан жасалған зергерлік бұйымдарға сұраныс 1,5 есе артты. Өйткені инвесторлар арасында оны актив ретінде сатып алатындар көбейіп келеді. Қазір әлемдік зергерлік бұйымдар нарығы 371 млрд долларға тең. Соның ішінде гауһар таспен көмкерілген әшекейлердің үлесі – 82 млрд доллар.
Десе де, жылтыраған тастың бәрі инвестиция емес. Оның құнын бағалаған кезде әуелі мөлдірлігіне, өлшеміне, салмағына және әлемде қаншалықты сирек кездесетініне мән беріледі. Жуырда Женевадағы Sotheby’s сауда үйі өте сирек кездесетін 10 караттық көк түсті гауһар тасты бастапқы құнынан 2 есе қымбат, яғни, 20 млн долларға сатты. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тастарға сұраныс әрқашан да бар.
Джессика Уиндем, Sotheby’s сауда үйінің бөлім басшысы:
- Қазір түрлі-түсті гауһар тастардың саудасы жақсы жүріп тұр. Егер оның салмағы 5-10 карат болса, инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Ал, 10 караттық ашық көк түстілері табиғатта өте сирек кездеседі. Бәс саудасына қойылған тас нарыққа алғаш рет шығарылып отыр. Бұл оның құнын еселеп арттырды.
Әлемдік нарықтағы алпауыт компанияның бірі қоймадағы қорларынан құтылу үшін қитұрқы әрекетке көшкен деседі. «Блумберг» агенттігінің мәліметінше, De Beers алмаз өндіруші бірлестігі ірі алып-сатарларға 20% жеңілдік ұсынып, асыл тастарды жасырын сата бастаған.
«Бұл жаһандық нарықтағы гауһар тастар бағасының арзандауына әкеледі», - дейді сарапшылар. Сондықтан дәл қазір бұл нарықтағы ахуал құбылмалы. Қаржыгерлердің пікірінше, алдағы уақытта бағаның қалай өзгеретіні өндіруші компаниялардың стратегиясына да байланысты болмақ.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #гауһар тас #нарық #сарапшыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz