Бес жылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 524 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл қаржы 2019-2024 жылдары ауылдағы инженерлік және әлеуметтік ортаны жаңғыртуға, тұрмысқа қолайлы ортаны құруға жұмсалды. Яғни, осы жылдар аралығында 2600 ауылда 6600-ден астам жоба жүзеге асты.
Осының арқасында ауылдарда 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, мектеп, медициналық пункт пен мәдениет үйі сияқты 2,1 мың әлеуметтік нысан және 3 мыңнан аса кентішілік жол салынып, жөнделді.
Әрине, ауылда қолдауға арналған бағдарламалар елде баршылық.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Бағдарлама көп. Мәселен, қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасының жаңа моделі әзірленіп жатыр.
«Ауыл аманаты» шеңберінде жеңілдетілген несие беріледі. Яғни, ауылдағы ағайынның 2,5%-тік шағын несие алуына мүмкіндік бар. Қазір Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаның жаңа моделін әзірлеп жатыр. Тұжырымдама аясында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамытуға назар аударылып отыр. Бұл жобалар алдымен келешегі бар ауылдарда жүзеге асады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге, логистиканы дамытуға ден қойылады. Осы мақсатта шағын индустриялық аймақтар құрылады. Бұл аймақтарда өнімді сақтау, өңдеу мен сату алаңдары тұрғызылмақ. Жалпы биыл бағдарламаға 50 млрд теңге бөлініп отыр.
Цитата
ҚР Ұлттық экономика министрлігі:
- Бағдарлама ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Қолдау тетігінің ішінде 2,5%-пен берілетін шағын несие және лизинг бар. Қазір министрлік скрининг арқылы елді мекендердің мамандануын анықтап, ережелерді жаңартып жатыр. Сонымен қатар өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микронесие тізімі кеңейтіледі. Мәселен, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің ұсыныстары бойынша туризм саласы шағын бизнестің перспективалық бағыты ретінде тізімге енгізілді.
Лизинг бағдарламасына ₸10,5 млрд бөлінді
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының жеңілдетілген лизингтеріне 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға шаруалар техника сатып алады. Мұның ішінде «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасына 3 млрд теңге, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасына 5 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасына 2,5 млрд теңге жұмсалады.
Барлық бағдарлама шарттары бірдей. Яғни, 6%-пен 10 жылға дейін беріледі. Тек сатып алатын тауар түрі әртүрлі. Мәселен, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы аясында отандық техниканы сатып алуға болады. Ал «Өз жем-шөбіміз» жобасы мал азығын дайындайтын жабдықтарды және суару жүйесін қаржыландыруға бағытталған.
Лизинг бағдарламалары
Барлығы – ₸10,5 млрд
«Өз жем-шөбіміз» – ₸3 млрд
«Қазақстанда жасалған» – ₸5 млрд
«Жеңілдетілген лизинг» – ₸2,5 млрд
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Бұл осы ортадағы делдалдарға да, қаржы институттарына да, барлығына да өзінің пайдасы бар. Бірінші кезекте қарапайым халық жеңілдетілген лизингтік шарттарға ие болады. Оны ұсынып отырған компаниялар көлікті немесе үйді өндіруші компаниялардан жеңілдетілген өнімді алу арқылы оны екінші нарыққа сатады. Және компаниялардың өздері де айналымдарына қаражаттың түсуіне мүмкіндік алады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы 2 800 маман үйлі болады
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде мыңға жуық жоба іске асады. 500 елді мекенді қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджеттен 176 млрд 400 млн теңге қарастырылды. Мұнда ауылдардағы инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өмір сүруге қолайлы орта құру көзделген.
Ал «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына биыл 25 млрд теңге бөлініп отыр. Бағдарлама аясында біржолғы жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға несие беріледі. Яғни, аудан орталығында тұрақтаған жасқа 2500, ал ауылдағы маманға 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшері бекітілген. Кредит мерзімі – 15 жыл. Және жас маман ауылда кемі үш жыл жұмыс істеуге тиіс.
Цитата
ҚР Ұлттық экономика министрлігі:
- Ауылдық жерге жіберілетін мамандарға бюджеттік кредит беруге 2025 жылы 25 млрд теңге қарастырылды. Бұл шамамен 2800 жас маманның баспаналы болуына мүмкіндік береді. Басқа да мемлекеттік бағдарламалармен қатар, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да 2025-2027 жылдары ауылдық жерлерді білікті кадрлармен қамтамасыз етуде шешуші роль атқаруға тиіс.
114 мың жас маман жәрдемақы алды
«Дипломмен – ауылға» жобасы 2009 жылы қолға алынды. Осы уақытқа дейін 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алып, 52 мыңнан астам маман бюджеттік кредитті пайдаланды. Оның ішінде басым бөлігі – білім беру саласының мамандары. Яғни, 78 мың мұғалім, 24 400 дәрігер, 6 900 мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері мемлекеттік қолдау тетіктеріне ие болды. Сонымен қатар осы жерде 4 мың ауыл шаруашылығы қызметкері бар.
Тегтер #Ауыл ел бесігі #Ауыл аманаты #кәсіпкерлік #Дипломмен ауылға #жас мамандар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz