RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

03.07.2025, 21:00 450

Биыл Жамбыл облысында құны 600 млрд теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Бұл өңірде 1300-ден астам жаңа жұмыс орнын  құруға мүмкіндік береді. Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев  өңірге жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын мәслихат депутаттары және жергілікті жұртшылықпен бірге талқылады. Сонымен қатар Палата спикері аудандарда «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуымен танысып, өнеркәсіптік нысандарды аралады. 

Мәулен Әшімбаев әуелі облыстық мәслихат депутаттары және тұрғындармен кездесті. Палата спикері өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, әлеуметтік инфрақұрылым сияқты маңызды салалардың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Өңірде 20-дан астам білім беру және 5 денсаулық сақтау нысаны салынып, жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен  елімізде  кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Инвестиция тартуға және жаңа технологияларды енгізуге қатысты да нақты мміндеттер жүктеді. Сондай-ақ облыстардың дамуына жағдай жасауға баса мән берілуде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Осы істе Жамбыл облысының да қарқыны көңіл қуантады. Біз алдағы уақытта да әріптестерімізбен бірге облыстың жан-жақты дамуына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. 

Сапар аясында Мәулен Әшімбаев жамбылдық дарынды және белсенді жастармен жүздесті. Мұнда Президенттің бастамасымен жастарды қолдауға арналған бағдарламалар мен заңнамалық шаралар әңгімеге арқау болды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жас буынның елді жаңғыртуда елеулі роль атқаратынына тоқталды. 

Ерғали Әбуғали, "Жастар рухы" облыстық Жастар қанатының төрағасы:

- 2025 жыл "Жұмысшы мамандықтар" жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы өзімнің пікірімді айттым. Енді біз әрдайым жұмысшы мамандарды даярлайтын колледждердің жатақханаларына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жатақхана тапшылығы бойынша мәселе көтеріп, ұсыныстар айтып жүретін боламыз. Осы бағытта биыл облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, 220 орындық жатақхана салынғалы отыр.  

Мәулен Әшімбаев облыстық әлеуметтік оңалту орталығында болды. Мұнда 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтар мен қарттарға қызмет көрсетіледі.

Одан кейін сенат депутаттары Байзақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған балабақшаға барды. Мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар шыны зауыты мен «Минералды тыңайтқыштар» кәсіпорнының ұжымымен кездесті.

 Жандос Жұмабек, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Эльдар Байдилда

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz