RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан өз брендімен көлік шығаруы мүмкін

06.07.2025, 16:30 380

Роман Склярдың жұмыс сапары Гуандун провинциясының орталығы Гуанчжоу қаласынан басталды.

Ол аймақтың Партия комитетінің хатшысы Хуан Куньминмен кездесті. Келіссөз барысында екі елдің көшбасшылары деңгейінде қол жеткізілген консенсус аясындағы жұмыстарды іске асыру жайы айтылды. Қытайлық тарап бұл бағытта Қазақстанмен қалыптасқан жан-жақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.   

Чжан Гочжи, Гуандун провинциясының вице-губернаторы:

- Қазақстан Қытай үшін маңызды әріптес. Екі ел арасындағы байланыс күннен күнге артып келеді. Өткен жылы сауда-саттық Қазақстан мен Гуандун провинициясы арасында 13 млрд юаньға жетіп 51 пайызға артты. Биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 6 млрд юаньға жетті. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Ал инвестиция көлемі өткен жылы 880 млн юаньға жетті.

Қытайлық тарап электромобиль экспортын ұлғайтып, Қазақстаннан пайдалы қазба мен ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға дайын. Сондай-ақ білім саласындағы әріптестік артады. Қытай статистикасына сәйкес, бүгінде Гуандун өңірінде 191 қазақ баласы техникалық және педагогикалық жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Оның 20 шақтысы Қытай үкіметінің стипендиясын алады. Енді Гуандун университеттері бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Кездесуде оны дамытуға ынталандыратын бірқатар шара қабылданатындығы айтылды.

Сапар барысында қазақстандық делегация «Хуаньпу» экономикалық ынтымақтастық аймағына барды. Онда Қытайдың биотехнология, жасанды интеллект, фармацевтика және медицина, машина жасау сияқты сан алуан технологиясымен танысты. Бұл қазақ-қытай компаниялары мен институттары үшін бірлескен жобалар ашуға қолайлы орта болып отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл жерде әртүрлі сала бойынша Қытайдың ең үздік деген технологиясы көрсетілген. Қазір тез-тез бір-екеуін көрсетіп кетейін. Мәселен, мынау міне ауылшаруашылығына арналған дрон. Аса көп жұмыс күшін талап етпейді. Сыйымдылығы 100 литр сұйықтықты көтеріп әуеден гектар-гектар алқапты өңдеуге мүмкіндік береді. Ал мына менің артымда тұрған, бұл адам тасымалдауға арналған дрон. Бұл жерде сыйымдылығы екі адам. Пилотсыз ұшады. Қытайлар мұны қазір туризм саласында және такси қызметінде қолданып жүр. Осы сияқты технологияның барлығы Қазақстаннан келген делегацияға таныстырылды.

Бұдан кейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары қытай кәсіпкерлерімен кездесті. Дені көлік жасау, қоғамдық көлік және тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын жетекшілері. Жиында инвесторлардың ұсыныстары тыңдалды.

Нан Шэньлян, Geely Group компаниясының вице-президенті:

- Біз бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз Қазақстанның Орталық Азиядағы жаңа энергетикалық автокөлік өнеркәсібінің орталығына айналуын қолдаймыз.Қазақстан тарапынан қолдау ретінде нарықтағы жасыл энергетикаға негізделген электр көліктерін тұтынуға ынталандыратын бағдарламалар көбейтілсе деген тілегіміз бар. Бұл жоғары технологиялық өндірісті дамыта түсуге мүмкіндік берер еді. 

Роман Скляр еліміздің инвестициялық әлеуетіне тоқталып үкімет тарапынан қабылданып жатқан шараларды жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық брэндпен көлік шығару туралы ұсыныс білдірді.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Біздің мақсат Қазақстандық брендпен көлік шығару. Ол танымал ғана емес, сапалы болуы маңызды. Осыған басымдық беріледі. Біздің нарықтағы перспектива жоғары. Бұл жобаны сіздердің компания бірлесіп жүзеге асыра алатынына сенімдімін. Есесіне осы бағытта үкімет тарапынан барлық жеңілдіктер мен қолдауға ие бола аласыздар.

Жиын барысында қос тараптың компания жетекшілері өзара келісімге қол қойды. Жұмыс сапары Қытайдың инновация және технологиялық орталығы саналатын Шэньчжэнь қаласында жалғасты. Роман Скляр шаһар мэрі Цинь Вэйчжунмен кездесті. Келіссөз барысында қазақстандық тарап смарт сити, киберқауіпсіздік сияқты бағыттар бойынша іскерлік байланыс орнатуға ниет білдірді. Қазақстанда Шэньчжэнь университетінің филиалын ашу туралы ұсыныс айтылды. Сонымен қатар елімізден осы қалаға тікелей рейс ашудың маңыздылығы сөз болды. Өз кезегінде мегаполис басшысы жергілікті кәсіпорындарымен байланысты қолдайтындығын жеткізіп, қазақстандық студенттерді Шэньчэженде білім алуға шақырды. Сондай-ақ қазақстандық делегацияға Цяньхай экономикалық ынтымақтастық аймағының жұмысы мен мүмкіндіктері таныстырылды. Шығарылатын заманауи технологиялық өнімдер көрмесі көрсетілді. Бұдан кейін шэньчжэньдік компанияларымен екі жақты кездесулер өтті.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz