RU
Толық нұсқаға өту

Қызылордада URBAN-2025 халықаралық форумы өтті

08.07.2025, 22:14 447

Қызылорда урбанистикалық диалог орталығына айналды, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда Қазақстанның алғашқы ұлттық URBAN-2025 форум өтті. Ол қалалық ортаны теңгерімді және инклюзивті дамыту мәселелерін талқылайтын, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен қызықты жобаларды көрсету алаңына айналды. Іс-шара облыс әкімдігі мен UN-Habitat және өзге де серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Урбанистикалық форум «Қала болашағы өңірлерден басталады» ұранымен өтті. Маңызы зор шара жетекші сарапшылар мен сәулетшілерді, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін біріктірді. Қатысушыларды Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Бұл форум елдегі урбанистика саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тарихи бастама.  Алдағы уақытта да халқымыздың игілігі, тұрғындарымыздың жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін, жастарымыздың жарқын болашағына бағытталған ауқымды жобаларымызды жалғастыра беретін боламыз. Қадірлі қонақтар, құрметті форумға қатысушылар! Замануи урбанизация жасыл кеңістігі көп адамға ыңғайлы қалалар құруды көздейді.

Мақсатқа жету жолдары бойынша кәсіби сарапшылар сөз қозғады. Панельдік сессиялар мен презентациялардың басты тақырыптары жайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыратын факторлар, яғни, экология, экономика, қала-ауыл байланысын нығайту, цифрлық шешімдер мен қалалық жоспарлау мәселесі төңірегінде өрбіді.

Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары:

- Қалалық һәм өңірлік жоспарлау жүйесін біріктіру арқылы орнықты дамудың мақсаттары сан алуан. Ең алдымен бұл қолайлы қалалық ортаны құруға қатысты мәселелер. Яғни, түрлі қалдықтар мен климаттық өзгерістерге бейімделу, сондай ақ климаттық сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық секілді бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселелер. 

Форум соңында Қызылорда облысының әкімдігі мен БҰҰ-ның UN-Habitat елді мекендері бойынша бағдарламасы арасында декларацияға қол қойылды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдулдаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz