Алтынның әлемдік нарықтағы бағасы шарықтап барады. Қазір бағалы металдың бір унциясы 3287 долларға тең.
Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 26%-ға көп. Оның өсуіне не себеп? Алтын құнына біріншіден АҚШ-тағы қаржы саясаты, сондай-ақ геосаяси жағдайлар әсер етеді.
Кейінгі жылдары геосаяси ахуалдың шиеленісуі және санкциялардың күшеюінен доллардан бас тарту туралы бастамалар көбейіп, алтынға деген сұранысты арттырды. Дүниежүзілік алтын кеңесінің болжамы бойынша, екінші жартыжылдықта әлем елдерінде инфляция қайта көтеріле бастауы мүмкін. Өйткені америкалық тарифтер жаһан экономикасына кері әсер етуі ықтимал. Оның үстіне Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресінен инвесторлардың долларға деген сеніміне селкеу түскен. Осыған байланысты орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерін төмендетіп, алтынға сұраныс артады. Яғни доллар әлсіреп, бағалы металл қымбаттай түседі. Мамандар да алтын ең тиімді инвестициялық құрал болып қала беретінін айтады.
Дүниежүзілік алтын кеңесі:
- Алтын құны екінші жартыжылдықта тағы 10-15%-ға өсіп, жыл соңында 40%-ға жетуі мүмкін. Сондықтан алтын стратегиялық-инвестициялық шешімдерді жүзеге асыруда мүмкіндігі мол актив болып қала береді.
Алтын – қауіпсіз актив
Бірқатар елдің орталық банктері алтынды қауіпсіз әрі өтімді актив ретінде қарастырады. Тіпті кейінгі 3 жылда алтынды тонналап сатып алуға көшкен елдер бар. Әлемде алтын қоры жөнінен АҚШ көш басында. Оның қорында 8 133 тонна бар. Ал Германия 3 351 тоннамен екінші орынға, Италия 2 451 тоннамен үшінші орынға табан тіреген. Бұл тізімде Ресей мен Қытай бесінші және алтыншы орында. Ал, Швейцария, Үндістан, Жапония, Нидерланд алғашқы ондыққа кіреді.
Алтын қоры мол 10 ел
1. АҚШ - 8 133 тонна
2. Германия - 3 351 тонна
3. Италия - 2 451 тонна
4. Франция - 2 437 тонна
5. Ресей - 2 335 тонна
6. Қытай - 2 279 тонна
7. Швейцария - 1 039 тонна
8. Үндістан - 876 тонна
9. Жапония - 845 тонна
10. Нидерланд - 612 тонна
Күміс бағасы қымбаттап келеді
Қазір нарықта алтынмен қатар күміске де қызығушылық бар. Өткен айда бұл металдың бір унциясы шамамен 36 долларға дейін көтерілді. Бұл кейінгі 13 жылдағы жоғары көрсеткіш. Жалпы жыл басынан бері баға 22% - ға өскен. Алтынға қарағанда күмістің құны төмендеу. Дегенмен күміс қазірде қолайлы инвестиция көзі. Бір жағынан төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріннен бері күмістің өндіріс саласындағы маңызы да артып келеді. Алтыннан артықшылығы, күміс өнеркәсіпте кең қолданылады. Бұл қорғаныс саласындағы стратегиялық металл және аккумулятор өндірісіндегі негізгі шикізат. Сондықтан күміс те инвесторлардың назарында болуы мүмкін.
Тегтер #Хабар #алтын қоры #нарық #баға #сұраныс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz