RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде ет неге қымбаттады?

06.08.2025, 07:51 542

Елде ет өңдеушілерге субсидия көбейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Мемлекеттік көмекақы бағаны тұрақтандыруға қаншалықты көмек болмақ?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ет құнының артқанын мамандар мойындап отыр. Оның себебін сәлден кейін түсіндірем.

Жылдың алғашқы тоқсанында әр отбасы мүшелері орташа алғанда 20 келі ет жеген. Бұл былтырғыдан 1,7%-ке көп. Әсіресе, Ақмола облысының тұрғындары етсіз ас батпайтынын айтады. Мұндағы көрсеткіш 24 келіден асады. Бұл тізімді Жамбыл халқы жалғайды, олар бір тоқсанда 23,9 келі ет жепті. Ал оңтүстік өңірлерде құнарлы өнімнен гөрі көкөніске көбірек көңіл бөледі. Жалпы елде бұрыннан сиыр етіне сұраныс көп. Дегенмен, кейінгі кезде көрсеткіш сәл төмендеп, адам басына шаққанда 6 келіден тиген. Қой етін тұтыну да бәсеңдепті. Есесіне, жылқы етін жейтіндердің қатары артқан. Құс етіне де сұраныс жоғары. Мамандар бұған өнімдердің қой мен сиыр етіне қарағанда арзанырақ болуы әсер еткенін айтады. Жылдың алғашқы үш айында әр қазақстандық отбасы етке 160 мың теңгеге жуық қаржы жұмсады. Бұл былтырғыдан 10%-ке көп.

Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- Шаруадан шығатын еттің бағасы қазіргі таңда 2800, кей жерлерде 3 мыңға дейін жетеді. Былтырғы жылы бұл баға көрсеткіші 2,5 мың теңгені құраған болатын. 400 теңгеге өсім көріп отырмыз, оны біз жасыра алмаймыз. Оның өзіндік себептері бар, ішкі себептерін айтатын болсақ, бізде жалпы электр энергияға тарифтардың бәрі қымбаттағанын көріп отырмыз. ДТ дейміз, оның бағасы қаңтар айынан бастап еркін жіберілді. Барлығы түптің түбінде келеді де, өнімнің өзіндік құнына келіп тіреледі. Сыртқы факторлары көршілес елдерден үлкен сұраныс болды. Әсіресе, Өзбекстан, Қырғызстан елдері тарапынан.

Сиыр етінің бағасын ұзақмерзімді тұрақтандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттен жыл сайын 100 млрд теңге субсидия түріндегі қаражат бөлінсе, оның 40%-ке жуығы ет бағытын дамытуға беріледі. Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Бағлан Аймырзаевтың айтуынша, биыл мал басын асылдандыру жұмыстарына бөлінетін субсидия тоқтататылды. Ал үнемделген қаражат ет өңдеушілерге үлестіріліп жатыр.

Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- Өткен жылы етті, малды ет комбинаттарына, бордақылау алаңдарына өткізген субсидияларға әр бастың килограмына 200 теңге субсидия берілсе, біз асылдандыруға берген субсидияны алып тастап, 200 теңге орнына, келісі 300 теңгеге дейін арттырдық.

Қазір елде Австралия тәжірибесі бойынша толық циклды қамтитын ет класстерлері салынып жатыр. Ең ірі бордақылау алаңы Түркістан облысында бой көтереді. Мұнда жылына 15 мың бас малды бордақылау жоспары бар. Бұған қоса, құрама жем зауыты салынады. Тәулігіне 1500 бас мал етін терең өңдейтін комбинат салу жоспарда тұр. Дәл осындай толық циклды кәсіпорындар Абай, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында пайдалануға беріледі. «Сәтін салса, 50 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндік туады», - дейді мамандар.

Ал биылғы жарты жылда Қазақстан 12 500 тонна сиыр етін экспорттады. Бұл жалпы өндірістің 10%-тейі. Оның 95%-і Өзбекстан нарығына өтті. Сиыр етін біз де импорттаймыз. Мәселен, жарты жылда Беларусь елінен 7 мың тонна өнім жеткізілді. Әйтсе де, шаруалар ішкі нарықты толық қамтып отыр. Биыл елде 182 мың тоннадан аса ірі қара еті өндірілген.

Нариман Ильясов, ҚР АШМ Агроөнеркәсіп департаменті директорының орынбасары:

- Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін өңірлік жергілікті атқарушы органдармен өңірлік қор қалыптасады. Бүгінгі таңда 47 мың тонна сиыр етінің қоры бар. Ол да ішкі нарықты 2 айдай көлемде қамтамасыз етуге жеткілікті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz