Біздің елде биыл цифрлық теңге қолданысқа енеді.
Блокчейн технологияға негізделген төлем түрі қазірдің өзінде белсенді сыналып жатыр.
Цифрлық теңгемен 100 жоба іске асады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бюджет және Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын 100-ге тарта жобаны цифрлық теңге арқылы жүзеге асыруды тапсырды. Қазір сандық валютаны енгізудің соңғы кезеңі жүріп жатыр. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бүгінге дейін 257,5 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылғанын мәлімдеді. Төлемнің бұл түрі экономиканың түрлі бағытында қолданылып жатыр. Мысалы, ірі тас және темір жол құрылыстарында, газбен қамту ісінде, агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік несиелеуде бар. Ең бастысы, цифрлық теңге айналымы ашық жүреді. Бұл арнайы блокчейн жүйе арқылы қамтамасыз етіледі. Яғни қаражаттың мақсатты игерілуін дер кезінде бақылап отыруға болады. Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев бюджет қаржысы дұрыс пайдаланылуы үшін әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда цифрлық теңгені енгізудің маңызы зор дейді.
Нұржан Биақаев, банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:
- 100 жоба цифрлық теңгемен қаржыландырылады. Жалпы Оңтүстік Корея сияқты ірі мемлекеттерде мұндай тәжірибе сәтті іске асқанын білемін. Сол себепті цифрлық теңге толық қолданысқа енгенде осындай жобалар көбейе түседі деп ойлаймын. Ең бастысы транзакция ашық жүргізіледі. Бұл жемқорлық тәуекелін азайтады. Бюджеттен, Ұлттық қордан бөлінген ақша таңбаланып, тиімді әрі мақсатты түрде қолданылуына жол ашылады.
Сарапшы: теңгенің логистикасы кеңейеді
Иә, цифрлық теңге жыл соңына дейін кең қолданысқа енеді. Ұлттық банк бұл бастаманы осыдан 4 жыл бұрын қолға алған еді. Цифрлық теңгені енгізудің бірінші кезеңі 2023 жылы өтті. Сол тұста алғашқы транзакция жасалды. Мұндай төлем әлемнің түкпір-түкпірінде қолжетімді. Демек теңгенің логистикасы кеңейеді. Мамандар сандық валюта шетел банкіне түскен бойда ұлттық жүйеден өшіріліп, сол мемлекеттің валютасы ретінде пайдаланылады дейді. Ал блокчейнге енгізілген цифрлық теңге қатаң бақылауда болады. Бұл көлеңкелі экономиканың жолын кесуге сеп. Қазақстан қор биржасы да цифрлық қаржы нарығындағы басты ойыншыға айналуға мүдделі. Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр. Цифрлық теңге қарапайым халық үшін де тиімді дейді экономист Бекнұр Қисықов.
Бекнұр Қисықов, экономист:
- Негізі цифрлық теңгенің айырмашылығы жоқ, бірақ қарапайым халық қазір мұны түсінбеуі мүмкін. Сондықтан оларға жеткізу керек. Кәсіпкерлер көптеген халықаралық төлем құралдарын қолдайды. Бірақ ол көп болмауы мүмкін. Қарапайым халыққа да ол тиімді. Барлық төлемдерді төлеп жібересіз.
Экономист әлемнің оннан аса елінде цифрлық валюта қолданылатынын айтады. Біз үшін Еуропаның тәжірибесі тиімді деген пікірде.
Бекнұр Қисықов, экономист:
- Меніңше, Еуропаныкв негізі бізге жақындау. Бір жағынан Америкаға қарағанда Еуропада монетарлық бақылау өте жоғары, Америкада өзіңіз білесіз, ФРС бар, оны жеке Ұлттық банк деп айтуға болады. Негізі бақылау өте жоғары болу керек деп ойлаймын.
Елде халықаралық ақша аударымы азайды
Елде халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы жүргізілген аударымдар күрт азайды. Жарты жылда шет мемлекеттерден 105,4 млрд теңге түскен. Бұл инфляцияны есепке алмағанда бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12%-ға төмен. Мамандар номиналды түрде алғанда, 2014 жылдан бергі ең төменгі деңгейде екенін айтады. Жыл басынан бері шетелге жіберілген аударымдар да азайды. Бас-аяғы 321,2 млрд теңге аударылған. Бұл былтырғыдан 16%-ға төмен. Сарапшылар біздің экономиканың сырттан келетін ақшаға тәуелді екенін айтады. Қазақстаннан шыққан ақша келген ақшадан көп болса, ол дефицитке алып келеді. Дегенмен жаһандағы геосаяси ахуал халықаралық аударымға әсер етіп жатқаны рас.
Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, қазір Қазақстаннан Ресей, Өзбекстан және Түркияға ірі көлемдегі ақша аударымы жасалады. Биылдыққа Ресейге 101 млрд теңге, көрші өзбек еліне 95 млрд, ал Түркияға 58 млрд теңгеден аса қаржы аударылды. Біздің елге көбіне Ресей, АҚШ және Өзбекстаннан жөнелтіледі. Мәселен, Ресейден 25 млрд теңге түсіпті. АҚШ-тан 15 млрд, ал Өзбекстаннан 10,8 млрд теңге аударылған.
Халықаралық ақша аударымдары:
Қазақстаннан:
Ресей — ₸101,9 млрд
Өзбекстан — ₸95,4 млрд
Түркия — ₸58,6 млрд
Қазақстанға:
Ресей — ₸25,3 млрд
АҚШ — ₸15,8 млрд
Өзбекстан — ₸10,8 млрд
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #цифрландыру #қаржы #экономика #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz