Биыл елдегі майлы дақылдар алқабы 38%-ке артты, деп хабарлайды 24kz.
«Ауыл шаруашылығы саласындағы ең табысты бағыт осы», - дейді , деп хабарлайды 24kz.
Әйтсе де, дақылды қайта өңдеуді жетілдіре түсу керек. Өйткені өңдеуші кәсіпорындар толық қуатта жұмыс істемейді. Бұған не себеп?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Күнбағыс майының импорты 14%-ке дейін азайды. Мамандар елде өндіріс өркендегенін айтады. Жыл басынан бері 332 мың тоннаға жуық сұйықмай өндірілген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 21-ке көп. Өнімнің дені сыртқы нарыққа шығарылды. Бұған бір жағынан жаһандағы май бағасының күрт өсуі себеп. Жалпы біздегі дайын өнімді Қытай, Еуропа, сондай-ақ Өзбекстан мен Ауғанстан аттай қалап алады. Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Абдуманаповтың айтуынша, кейінгі 5 жылда елдің экспорттық әлеуеті 70-73%-ке артқан.
Күнбағыс майының құны реттеле ме?
Сарапшылар күнбағыс майының әлі де қымбаттайтынын болжап отыр. Жаһандық тапшылық осыған әкелмек. Ал Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы бағаның қыста көтерілетінін ескертті.
Зейнолла Абдуманапов, «Kazgrain» Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы:
- Күзде егін орым науқаны басталады. Алғашқы уақытта міндетті түрде баға төмен болады. Өйткені бірден сұраныс келмейді. Екіншіден, ұсыныстар көп болады. Сұраныс пен ұсыныстың баланың болғандықтан, майдың бағасы өспеуі мүмкін. Қысқа қарай былтырғы көрсеткішке сүйенетін болсақ, сұраныс көбейетін көрінеді. Ұсыныс азайған сайын күнбағыс, майлы дақылдар түрлеріне бағаның өсуіне әкеп соғады.
Күнбағыс майының құны реттеле ме?
Осы орайда Сауда және интеграция министрлігі өндірушілермен келісім жасап, күнбағыс майының жыл аяғына дейінгі шекті бағасын белгілеуге мүдделі. Бұл туралы министр Арман Шаққалиев мәлімдеді. Ведомство басшысы шекті бағаны белгілеу мемлекеттік реттеу емесін баса айтты.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біз қауымдастықтармен де, Ауыл шаруашылығы министрлігімен де келісімге келдік. Жыл соңына дейін белгілі бір шекті деңгей болады. Бұл мемлекеттік реттеу емес. Мемлекет пен өндірушілер арасындағы келісім.
Елде майлы дақылдар алқабы артты
Биыл майлы дақылдар алқабы 1,8 млн гектарға жетті. Бұл 38%-ке көп. Ұлттық статистика бюросындағылар мұны 35 жылдан бергі ең ауқымды көрсеткіш дейді. Ал Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының дерегіне сүйенсек, елде 1,4 млн га аумаққа күнбағыс дақылы егілді. Әрқайсысынан 17-20 центнер өнім жинауға болады. Бұл шамамен 2 млн тоннаға жуық шикізат деген сөз. Оның 70%-і отандық май зауыттарына кетсе, қалғаны экспортқа шығарылады.
Зейнолла Абдуманапов, «Kazgrain» Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы:
- Бұған дейін біз бидай алқаптарын, дәнді-дақылдар алқаптарын көп егетін болсақ, соңғы 2024 жылдан бастап Қазақстан майлы дақылдарға көп көңіл бөліп отыр. Соның ішінде зығырға, сафлор және күнбағыс, осы егін түрлеріне көп көңіл бөлді. Бір жағынан ол пайдалы, екінші жағынан сұраныс жоғары. Үшіншіден, оны май зауыттары да. Бұл жақта барлығы үлкен тепе-теңдікке келіп отыр. Диқаншы жақсы бағамен сатады, өндіруші де жақсы бағамен экспортқа шығара алады.
Қазақстан май экспорттаушылар үштігіне енуге мүдделі
Әзірге қайта өңдеуші кәсіпорындар толық қуатының 30-50%-ін ғана пайдаланып отыр. Бұған шикізат тапшылығы себеп. Күнбағыс дәніне деген сыртқы сұраныс жоғары. Көбі Қытайдан түседі. Осыдан 2 жыл бұрын елде 20%-тік экспорттық баж енгізілген еді, ол ішкі өндіріс үшін маңызды. Бүгінде ел аумағында майлы дақылдарды өңдеу зауыттары көбейіп жатыр. Алқаптар да ұлғайды. Мамандар: «Алдағы 5 жылда өндіріс үлесі артады», - дейді. Сол тұста Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушылар үштігін түйіндеуі мүмкін. Қазір алдыңғы он елдің қатарындамыз.
Авторы: Мерей Мұратханқызы
Тегтер #күнбағыс майы #экспорт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz