RU
Толық нұсқаға өту

Көліктерге тиелген жүк салмағын автоматты станция өлшейді

20.08.2025, 09:00 389

Жол салу оңай емес.

Ал салынған жолды сақтап, күтіп ұстау одан да қиын. Қыста қардан аршып, көктемде тасқын судан қорғау керек. Және осы қыруар қаржыға салған жолдың тағы бір жауы - ауыр жүк артқан көлік. Бұл көліктер жүкті артығымен тиеп алса, тас жолдың тоз-тозын шығарып, ойып тастайды. Сондықтан жол сақшылары кез келген күмәнді көлікті тексеруге мәжбүр. Дегенмен алдағы жақын уақытта әр көлікті тоқтатудың қажеті болмауы мүмкін. Себебі жер-жерде автоматты өлшеу станциялары қойылып жатыр. Бұл станциялар қалай жұмыс істейді?

Жүк салмағын автоматты станция өлшейді 

Елде жол сапасына бақылау күшейді. Көлік министрлігі цифрлық технологияны қолға алып жатыр. Мәселен, қазір жүк көліктерінің салмағын өлшеу үшін оны тоқтатып, таразыға тартудың қажет жоқ. Көліктің салмағын жол бойына қойылған автоматты станциялар өлшеп береді. Және тіркелген дерек бойынша өзі шешім шығарып, хаттама толтырады. Бүгінде 59 станция іске қосылды. Олардың 30-ы республикалық, 29-ы жергілікті маңыздағы жолдар бойында тұр. Жыл соңына дейін 220 станция орнату жоспары бар. Жалпы станциялар қойылғалы хаттама саны он екі есе өсті. Осы күнге дейін жүгі 25 тоннадан асып кеткен көліктерге қатысты 3284 хаттама толтырылды.  

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп жатыр жол саласына. Кейбір жол саласының жұмыстары халықаралық қаржы ұйымдарының есебінен жүріп жатыр. Енді бұл өте үлкен сондай жауапкершілігі мол сала ғой. Сондықтан жолды салып қана қоймай, оны дұрыстап күтіп ұстау керек. Сондықтан осы жұмысты осылай цифрландырып жатырмыз.

31 елмен әуе байланысы бар

Қазір елде 154 теміржол бағытымен жолаушы тасымалданады. Биылғы жарты жылда 9,5 миллион жолаушы сапар шекті. Сондықтан жолаушылар вагондарын жаңартуға, жаңадан алуға ден қойылып отыр. Жыл басынан бері 60 вагон жаңадан қатарға қосылды. Азаматтық авиация саласында да тың бағыттар ашылды. Қазақстаннан 31 елге тікелей ұшып баруға болады. Бұлардың ішінде  ішкі бағыттардың саны басым. Мәселен, апта сайын 61 бағыт бойынша 849 рейс ұшады. Ал халықаралық бағыттың саны 140-тан асады. Мұнда бір аптада 842 рейс жасалады. Жалпы биылғы алты айда 7 млн 200 мың жолаушы әуе көлігімен діттеген жеріне жетті.  

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Қазақстан модельді, супермодельді мемлекеттер қатарына жатады. Себебі біздің еліміздің аумағы арқылы жүкті немесе ел тұрғындарын біздер әртүрлі тәсілдермен тасымалдай аламыз. Әртүрлі көлік түрімен. Біріншіден, ол әуе саласы, теміржол, жол, сондықтан мына су көлігі бар. Каспийде екі порт жұмыс істеп тұр Ақтау және Құрық сияқты. Сондықтан біздер супермоделді мемлекеттер қатарына жатамыз. Өзіміздің географиялық орнымызға байланысты, жалпы әрбір мемлекетте мұндай, екінің бірінде мұндай мүмкіншілік жоқ. 

Жолаушылар тасымалы

154 теміржол бағыты – 9,5 млн жолаушы 

Азаматтық авиация – 7,2 млн жолаушы

61 ішкі әуе бағыты – 849 рейс

144 халықаралық әуе бағыты – 842 рейс

Автожол құрылысында 177 жоба қолға алынды

Қазір автожол құрылысы бойынша 177 жоба жүріп жатыр. Олардың 160-ы былтырдан жалғасқан жоба болса, 17-сі биыл қолға алынды. Жоба шеңберінде 4 мың шақырым жол жаңадан төселмек. 

Соның арқасында “Жезқазған-Петропавл”, “Қарағанды-Аягөз-Бұғаз”, “Қостанай-Мамлютка” сынды өңіраралық жолдардың жағдайы жақсарады. Бұдан бөлек туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеуге ден қойылып отыр. Осы жерде “Астана-Қорғалжын”, “Өскемен-Рахман қайнары” жолдарын атап өтуге болады. Сондай-ақ биыл “Астана-Ырғыз” күрежолының құрылысы басталды. Бұл жолдың экономикалық маңызы жоғары.  

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Бұл жол тікелей жаңағы мен айтқан Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне келіп шығып кетуге тікелей мүмкіндік береді екен. Және де бұл жолдың кезіндегі жағдайы былайша айтқанда халық атарпынан көптеген ұсыныстар түсетін еді. Сондықтан бұл жолдың сосын қолға алынып жатырғаны бірінші кезекте мына Арқалық қаласы болсын, Қостанай өңірі болсын, Ақмола өңірі болсын, алыс жатқан елді мекендердің экономикалық жағдайына едәуір септігін тигізеді деген жоспар бар. 

Жалпы таяу бес жылда транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға жетуге тиіс. Сондықтан логистика желілерін дамыту үлкен маңызға ие болып отыр. Мәселен, 2030 жылға дейін 118 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобаларға жаңадан 75 мың жұмыс күші тартылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz