RU
Толық нұсқаға өту

Қ.Тоқаев: Қазақстан-Қытай саудасын алдағы 5 жылда еселеу керек

02.09.2025, 13:13 381

Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салған, деп хабарлайды 24kz.

Қазір шығыстағы көрші елдің бірқатар компаниялары энергетика саласында ауқымды жобаларды жүзеге асыруды қолға алған. Атап айтқанда, Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ал CNPC кәсіпорнының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Бүгін Президент Бейжің қаласында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысына қатысып, инвесторлардың тағы қандай бағыттарда жұмыс істеуіне болатыны жайлы кеңінен айтып берді.

Риат Шони, тілші:

- Былтыр Қытаймен арадағы сауда-саттық 44 млрд долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Алдағы 5 жылда көрсеткішті еселеп арттыру қажет. Бұл жайында Президент Бейжіңдегі Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысында айтты. Жиынға қатысқан ірі компания өкілдерін елімізге инвестиция құйып, маңызды жобаларды қолға алуды шақырды. Бір ескерерлігі, қытай тілін жетік меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев алпауыт мекеме басшыларының алдында тек қазақ тілінде сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, Sinopec, Huawei сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз.

Қазақстан Орталық Азияда ең ірі экономикасы бар мемлекет. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 млрд доллардан асады деген болжам бар. Қалталы азаматтар үшін де қолайлы жағдайлар жасалған. Мәселен, инвестициялық штаб жұмыс істеп, Ұлттық цифрлық платформа енгізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылғы маусым айында Қытай төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет.

Бұдан бөлек өз сөзінде Президент еліміздің транзиттік әлеуетіне тоқталды. Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» дəлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Қазір еліміз «Бір белдеу, бір жол» бастамасына белсенді қатысып отыр. Шығыс пен батыс арасындағы жүктің 85%-і Қазақстан арқылы өтеді. Ал биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, транзиттік тасымал айтарлықтай өсетін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62%-ке артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз.

Бұдан бөлек, жиын барысында Президент энергетика саласындағы ықпалдастыққа кеңінен тоқталып, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында қытайлық компанияларының қатысуымен қолға алынған ірі жобалар жайлы айтты. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін шығару жұмысына белсене қатысуға шақырды.

Авторы: Риат Шони

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz