Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллардан астам қаржы құйған ТОП-10 инвестордың қатарына кіреді.
Екі ел бүгінге дейін 212 жобаны бірлесе жүзеге асыру жайында келіссе, оның 65-ін іске қосып үлгірді. Тағы 49 инвестжоба іске асырылу сатысында тұр.
Рухани Әбдірахман, тілші:
Алматыда тұрмыстық қалдықтан электр энергиясы өндіріледі. Таяуда қытайлық инвестормен осындай келісімшарт бекітілді. Зауыт құрылысын осы айда бастау жоспарланған. Жобаға қытай тарапы 145 млрд теңге инвестиция салмақ.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Бұл технология жалпы шығарындылар нормативтеріне біздің қазақстандық сәйкес келеді. Одан тыс технологиялары Еуроодақтың да нормативінен төмендеу шығарындылар нормативі көрсеткіштерін береді.
Бұл Қытай капиталына салынатын жалғыз жоба емес, әрине. Тағы бір мысал бар. Өткен айда Жаркент қаласында жүгері өңдеу зауыты ашылды. Бірлескен өндіріс ошағы күніне 120 тонна жүгері өңдеп, кейін оны экспортқа шығарады.
Дәулеткелді Наймантаев, Талды ауылының тұрғыны:
- Жүгері деген өте тиімді. Бидай болсын, басқа болсын ондай бермейді. Сондықтан осындайлар көбейетін болса, ауданымыздың экономикасының негізгі көзі жүгері әлі де дами береді.
Жүзеге асырылғаны бар, жоспарланғаны бар. Әйтеуір ортақ инвестжоба жетерлік. Қазақстан мен Қытай сомасы 24 млрд АҚШ долларынан асатын тағы 58 коммерциялық құжатқа қол қойды. Бұл маусым айында өткен «Орталық Азия – Қытай» форумының жемісі. Сөзсіз, Қытай алпауыт экономикалық держава. Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты алыс-беріс 44 млрд долларға жетті. Бұл – бұрын болмаған көрсеткіш. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Сенімді серіктестіктің маңызын Президент Тоқаев Қытайға сапары аясындағы Іскерлік кеңес отырысында да, Тяньцзиньде өткен Си мырзамен келіссөз барысында да атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз.
Еліміздің төрт бірдей облысымен шектесетін Қытай өңірі бар. Ол әрине Шыңжаң. Іскерлік, инвестициялық қарым-қатынаста айрықша рөлге ие. Былтыр бұл аймақпен сауда-саттығымыз 22 млрд долларға жетті. Бұл да - рекорд. Жалпы, экономистер Қытай инвестициялары біздің елге 1997 жылдан бастап белсенді тартыла бастағанын айтады. Алғашқы кезеңде мұнай секторы, кейін өңдеу, жол құрылысы, ауыл шаруашылығы салалары басымдыққа ие болды.
Айбар Олжай, экономист, сарапшы:
- Қытайдан чип өндірісі жоғары технологиялық өндірістері бар осыны пайдаланып жоғары технологиялар трансфертін тартқымыз келеді. Осы бойынша ШОС кеңесінде ірі компаниялармен біздің Президент кездескен. Қытайдың технологиясына біз де жақындағымыз келеді. Тігін, материалдар жасау өнеркәсібінде қытайдың соңғы станоктары керек енді.
Сөз соңында тиімді жүзеге аса бастаған тағы бір мысалды тілге тиек етейік. Қытайлық инвестор Түркістан облысында мақта өңдеу кластерін дамытып жатыр. Бастамаға 420 млн доллар қаржы құйылады. Алдымен мақта өсіріледі, одан соң терең өңделіп, дайын тоқыма өнімдері шығады. Осылайша импортты алмастыра аламыз. Кәсіпорында 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Экономистер бұл да елдегі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған маңызды жобаның бірі, дейді.
Рухани Әбдірахман
Тегтер #Қазақстан #Қытай #инвест жобалар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz